Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды облысында күкірт сақтайтын қойманың себебінен әйелдер түсік тастап, малдардың төлі құбыжық боп туып жатыр

Қарағанды облысында тып-тыныш жатқан ауылдың тұрғындары өре түрегелді. Ақадыр кентінің жұрты ауылға жақын маңда күкірт қышқылын сақтайтын қойманың салынуына қарсы. Адам денсаулығына аса зиянды бұл зат онсыз да оңып тұрмаған экологиямызды одан сайын ластайды деп қауіптенеді.

Қарағанды облысында күкірт сақтайтын қойманың себебінен әйелдер түсік тастап, малдардың төлі құбыжық боп туып жатыр

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Себебі, соңғы жылдары бұл жақта келіндердің түсік тастауы көбейіп, малдардың төлдері құбыжық болып тууда екен. Ал, әкім-қаралар халықтың пікірін ескерместен, құрылысты бастап кетіпті. Егер мұны дереу тоқтатпаса жұрт неге де болса баруға әзірміз деп отыр.

Мәдениет үйінде бас қосқан халық атқамінерлердің уәжін тыңдап жатпады. Бірден мәселеге көшті. Үйлеріне 100 метрдей жерде күкірт қышқылын сақтайтын қойманың салынуына жұрт жаппай наразы.

«Күні түні еңбек етіп, екі келі картоп пен сәбізімізді әрең жинап аламыз. Енді келіп сіздер халықтың ортасына келіп мынадай құрылыс салып жатырсыздар. Сіздер салып жатсаңыздар, қайдағы жоспар? Біз ертең барып, жоспарларыңыздың быт-шытын шығарамыз. Бізді жайымызға қалдырыңыздар» – деді Ақадыр кентінің тұрғыны Салтанат Кашенова.

«Онсыз да 200 адам өледі екен Ақшатауда. Енді тағы 200 адам өледі. Сонда, осы отырған бәрің не деп жауап бересіңдер ертең? Бір жылдан кейін, анандай зат шыққанда? Әкім, сіз білмейсіз бе? Сіз тексеріңіз, Ақадірде жылына неше адам өледі екен?» – деп ашынды Ақадыр кентінің тұрғыны Талғат Төлегенов.

Жұрттың бұлай ашынуына себеп те жоқ емес көрінеді. Тұрғындардың айтуынша, аймақтың экологиясы онсыз да нашар. Өкпе дерті мен қатерлі ісіктен көз жұматындар көп. Ал соңғы бес жылда ана мен бала өлімі өршіп кеткен. Туабітті науқас балалар саны да тыйылатын емес екен.

«Осының кесірінен төлдеріміз де, жас келіндеріміз де босанғанда құбыжық болып туады. Не екі басты болып, не беті артына қарап туады. Не алты аяқты, не үш аяқты болып туады. Міне құбыжық деген сол», – дейді тұрғындардың бірі.

Құрылысты бастаған жеке меншік серіктестік басшылары болса, бұл істерін жоққа шығаруда. Бұл бағытта ешқандай жұмыс басталған жоқ деседі. Тіпті, халықтың бұлай ашылуына тілшілер кінәлі көрінеді.

«Енді бұл жерде ешқандай зауыт жоқ. Тіпті жобаланған да жоқ қой. Бір қойма, бір сұйыққойма. Соған бола мынадай адам жинап, міне сендер сияқтылар бірдеңе істеп тұрсыңдар ғой» – дейді құрылысты бастаған компания директорының орынбасары Рустам Дүсіпов.

Дегенмен, аудан басшысының айтуынша, көпшіліктің қарсылығынан соң, бұл жұмыстар қайта қаралады. Жиынға қатысқан қарапайым халық пен эколог мамандардың ескертулері де ескерілмек.

«Халықтың пікірін білдік. Халықты жинаған себебіміз де сол. Ертең, білмедік, естімедік деген сөз болмас үшін. Мемлекеттік экологиялық сараптама белгіленер алдында міндетті түрде халықтың пікірі санасады. Біздің де пікіріміз халықпен бірдей болу керек қой. Бірақ, мен қазір айта алмаймын не шешетінімізді» – дейді Шет ауданының әкімі Марат Жандәулетов.

Қалың жұрттың қарсылығын тыңдаған шенеуніктер енді жақын уақытта бір шешімге келмек. Тұрғындар болса, егер бұл жиыннан нәтиже шықпаса, басталып кеткен құрылыс жұмыстарын өз қолдарымен қайта қалпына келтіруге де де әзір.

Оқи отырыңыз:

АЭФ-тің тікелей эфирі кезінде ер адам тележүргізушінің бетінен сүйіп алды (видео)

Танымал қазақ альпинисі екінші мәрте Эверест шыңын бағындырды

Күйеуім орнынан тұрып, сөйлей алмай қалды: БАӘ-де астан уланып қалған отбасы оқиғаның қалай болғанын айтып берді

 

Талқылау