Қарағандының қақ ортасында орналасқан мейрамхананы әлдебіреулер өртеп жібермекші болған
Қарағандыда 16-сынан 17 мамырға қараған түні танымал "Мой Тбилиси" мейрамханасын әлдебіреулер өртеп жібермекші болған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Мейрамхана директоры Георгий Даниловтың сөзінше, қаскөйлер жанғыш зат салынған бөтелкелерді дәмханаға лақтырып кеткен.
"Соңғы күндері жаңбыр жауып, жазғы терассалардың ағашы кеппей тұрғандықтан қатты өрт шықпаған. Оқиға орын алған сәтте, абырой болғанда, адамдар да болмады. Мейрамхананың декоративті бұйымдарына ғана зақым келген. 50 мың теңгедей шығынды есептеп қойдық. Сараптама нәтижесі нақты соманы анықтайды. Шығын көлемі 50 мыңнан көп болатын шығар", - дейді ол.
Қазіргі таңда аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалыпты.
"Полиция басқармасының орталық бөліміне 17 мамыр күні әлдебіреулер мейрамхананы өртеп жібермекші болды деген хабар келіп түсті. Тексеріс барысында заттай дәйектер табылды. "Біреудің мүлкіне зиян келтіргені үшін" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кінәлілер анықталуда", - деді қалалық ПД өкілдері.