Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағандыдағы жаңа туған баланы сатқан: Анасы 5 жылға, медбике 8 жылға бас бостандығынан айырылды

баланы саудалағандар сотталдыФото: Quazie, Thomas Hawk

Қарағандыда жаңа туған нәрестелерді сату ісі бойынша сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Алты адамға жаңа туған нәрестелерді сатуға қатысты басқа да операцияларды жасады деген айып тағылды. Олар екі сәбиді сыйға беру және оларды қабылдау, осы әрекетке жәрдемдесу бойынша кінәлі деп танылған. Сотқа екі жаңа туған нәрестенің биологиялық анасы, перзентхана медбикесі және екі баланы алушы ерлі-зайыптылар тартылды. 

Сотталушылар бастапқыда бір жыл аралығымен туған екі сәбиді 6 миллион теңгеге сатып, сатып алды (Қылмыстық кодекстің 135-бабы 2-бөлігінің 1 және 2-тармақтары, Кәмелетке толмағандар саудасы) деп айыпталған еді. Алайда сот талқылауы барысында айыптау өзгертілді. Бала саудасына қатысты дәлелдер табылмағандықтан, айыптың соңғы нұсқасында "өзге мәмілелер", яғни балаларды сыйға беру және қабылдау туралы айтылды. Жаңа айып бойынша медбикеге Қылмыстық кодекстің 28-бабының 3-бөлігі (Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың түрлерi) және 135-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы (Кәмелетке толмағандарды саудалауға байланысты өзге де мәмілелерді жасауға жәрдемдесу) бойынша айып тағылды.

Ал балалардың биологиялық анасына Қылмыстық кодекстің 135-бабы 2-бөлігінің 1 және 2 тармақтары бойынша (Кәмелетке толмағандарды саудалауға байланысты өзге де мәмілелер жасау) бойынша айып тағылды.

Сотта не анықталды

Айыптаушы тараптың айтуынша, бір жыл аралығында екі сәбиді дүниеге әкелген әйел оларды балалы бола алмаған отбасыларға сыйға берген. Бұл әрекетке тараптарды таныстырған медбике делдал болған. Дәрігер сотта өз кінәсін мойындамады.

“Қандай сый туралы айтып отырсыз? Олар сыйға беретіндей кітап па, қалам ба? Олар тірі балалар ғой. Тараптарды таныстырғаным рас, мұны жоққа шығармаймын. Бірақ жай ғана таныстыру қылмыс саналатын болса, онда жауапкершілікке тартылуға дайынмын. Ал баланы сыйға беру ісі болған жоқ", – деді соттағы жарыссөзде медбике. 

Баланы тәрбиелеп отырған ерлі-зайыптылардың бірі де осындай пікір білдірді. Олар өз кінәсін мойындамады.

Сәбилердің биологиялық анасы сотта кінәсін жартылай ғана мойындады. Ол жесір қалғанын және некесіз жүкті болып, ер адамның алдауына ұшырағанын жеткізді. Сондықтан әйел туған ауылына олармен бірге барудан ұялып, жаңа туған нәрестелерді таныс жұпқа бергенін айтты. 

Екінші ерлі-зайыптылар кінәсін мойындап, өкініш білдірді. Олар сәбиге отбасы мен махаббат сыйлағысы келетіндерін жеткізді. 

Прокурор ерлі-зайыптылардың өкініш білдіргенін ескеріп, оларды қылмыстық жауапкершіліктен босатуды сұрады. Прокурор екінші ерлі-зайыптымен перзентхана медбикесін 9 жылға бас бостандығынан айыруды, жазасын орташа режимдегі түзеу колониясында өтеуді сұрады.

Прокурор биологиялық анасын 8 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыруды сұрады.

Айыпты мойындамаған отбасының қорғаушысы олардың әрекетінде Қылмыстық кодекстің 135-бабында көзделген  белгілер мүлде жоқ екенін айтты.

"Айыпталушыларға Қылмыстық кодекстің 135-бабының 1-бөлігі (Кәмелетке толмағандарды саудалау) бойынша айып тағылып отыр. Онда былай делінген: "Кәмелетке толмаған адамды сатып алу-сату немесе оған қатысты өзге де мәмілелер жасасу, сол сияқты оны қанау не азғырып көндіру, тасымалдау, беру, жасыру, алу, сондай-ақ қанау мақсатында өзге де іс-әрекеттер жасау". Прокуратура балаларды сатып алу-сату дерегін дәлелдей алмады. Бірақ өзге мәміле ретінде оларды сыйға беру мен алу әрекетін негізге алып отыр. Бірақ мұнда қандай пайдалану дерегі бар? Биологиялық анасы оларды балалар үйіне түспесін, жақсы тәрбие алсын деп осы отбасыға тапсырған. Қазір сотталып жатқан бұл отбасы балаларды жақсы көреді, қамқорлық көрсетіп, барлық жағдайын жасап отыр. Сонда қай жері пайдалану?" – деді қорғаушы Алмас Абдакасов сот отырысында.

Оның айтуынша, айыптау тарапы істің мән-жайын емес, көрсеткішті көздеп отыр. 

Сот отырысында айыпталушылар да өз ұстанымдарын білдірді. Олардың бірі, баланы асырап алған әке сотқа жүрекжарды үндеу жасады.

"Бұл бала өмірімнің мәні. Оны жақсы көремін. Егер бәрін қайта айналдырып, таңдау берілсе, тағы да солай істер едім. Бұрын тек жұмыс істеп, өмір сүре беретінмін. Ал қазір үйге асығамын, өйткені онда мені күтіп отырған ұлым бар. Сот, сізден өтініп сұраймын бізді ақтаңыз және оны әрі қарай тәрбиелеуге мүмкіндік беріңіз", – деді ол.

Тағы бір отбасының адвокаты Ирина Маленко Қазақстанда бала асырап алу процесіне өзгеріс керек екенін айтты. 

"Мысалы, ананың келісімімен баланы перзентханада асырап алуға рұқсат берілсе. Бұл ең алдымен балалардың мүддесіне сай болар еді. Бүгінде Парламент асырап алуға қатысты заңнаманың кемшіліктерін әлі де ой елегінен өткізіп отыр. Ал мұнда кейбір жауапсыз аналар жаңа туған нәрестелерін кіреберіске, қоқыс жәшіктеріне, әжетханаларға тастап кетіп жатыр. Тіпті кейбір сәби дүние есігіні аша салысымен өмірмен қоштасып жатыр", – деді ол.

Сот ісі бойынша барлық материалдарды зерделеп, тараптардың уәждерін тыңдағаннан кейін судья Дулат Бурабаев үкім шығарды.

Сот баланың биологиялық анасын 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Ол жазасын орташа режимдегі колонияда өтейді. 

Перзентхана медбикесіне 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын орташа режимдегі колонияда өтеуге үкім шығарылды. Сотталғандар сот залында қамауға алынды.

Сот екі отбасылық жұпқа 8 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, пробациялық бақылау орнату туралы шешім шығарды.

"Қамқоршылық органдарына төрт баланың (тәрбиеге берілген екі сәбиді және биологиялық анасымен бірге тұрып жатқан екі баланы) болашағын шешу тапсырылсын. Бұл жөнінде бір ай мерзім ішінде сотқа есеп берілуі тиіс", – деді судья Бурабаев. 

Айта кетейік, бұған дейін Қарағандыда нәрестелерді сату-сатып алу ісі бойынша сот процесі жүріп жатқаны туралы жазған едік. Сотқа балалардың биологиялық анасы, перзентхана медбикесі және екі ерлі-зайыпты тартылған

Жұмаділлә Нұрила
Дүйсенбі, 30 Маусым, 2025 20:26
Талқылау