Қарағандыдағы арнайы орталықта уланған тағы бір бала жан тапсырды
Қарағандыда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында уланған тағы бір бала көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін орталықта 14 бала уланып, 1 бала көз жұмған еді.
"Қалалық көпсалалы балалар ауруханасында ем қабылдап жатқан 2012 жылы туған бала 28 тамызда көз жұмды. Баланың жағдайы бастапқыда ауыр болған. Емдеу тактикасы республикалық мамандармен талқыланып отырды. Өлімінің себебі – жүрек жетіспеушілігі", - делінген облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.
Әлі 5 бала жансақтау бөлімінде жатыр. Олардың жағдайы тұрақты ауыр.
Еске салайық, денсаулық сақтау вице-министрі – бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығындағы балалардың жаппай улану фактісіне қатысты тергеудің барысы туралы айтқан еді. Тергеу нәтижесінде балалардың улануына байланысты жұмыстан шеттетілген мекемедегі 10 медицина қызметкері комиссия шешімімен жұмыстарына қайта кіріскен.