Қарағандыда тірек пунктінен әйелдің мәйіті табылды: Полицейге куәгер мәртебесі берілген
Фото: Видеодан скрин
Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов Мәжіліс кулуарында учаскелік полицейдің әйел адамның мәйіті жанында табылуына қатысты резонансты жағдайға түсінік берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әділов Қарағандыдағы тірек пунктте болған оқиғаға байланысты тергеу жалғасып жатқанын, оны ІІМ Ішкі қауіпсіздік департаменті жүргізіп жатқанын айтты.
"Өздеріңіз білесіздер, қылмыстық іс бойынша кешенді бірқатар сот-медициналық сараптама тағайындалды. Олар аяқталғаннан кейін біз бұрын уәде бергеніміздей, тергеу нәтижелері және әйел адамның өліміне қатысты алдын ала себептер туралы толық ақпарат береміз.
Қосымша тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Қазір ол қорғану құқығы бар куәгер", - деді Санжар Әділов.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта іс бойынша қажетті дәлелдер жиналып жатыр.
"Егер оның процессуалдық мәртебесін өзгертуге негіз болатын жағдайлар анықталса, бұл қылмыстық процесс шеңберінде прокуратура органдары арқылы жүзеге асырылады. Оған қатысты бұлтартпау шарасы қолданылған жоқ", - деді вице-министр.
Еске салайық, Қарағандыдағы полицияның тірек пунктінде қыздың мәйіті және ес-түссіз күйдегі учаскелік инспектор табылған болатын. Осы оқиғадан кейін бірнеше полицей жұмыстан босатылғаны хабарланды.
"Бәлкім біреуді суға батырып жіберсе не болады": Оқу-ағарту министрлігі 2026 жылдан бастап жүзу сабағы қалай енгізілетінін айтты