Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағандыда мектеп оқушыларына кешігіп келгені және форма кимегені үшін айыппұл салынбақ

Фото: istockphoto.com

Әлеуметтік желіде Қарағандыдағы мектептің ата-аналары 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап күшіне енген жаңа ережелерге наразылықтарын білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Желі тараған ақпаратқа сүйенсек, енді мектеп оқушыларына кешігіп келгені, орынсыз сөз айтқаны және мектеп формасын кимегені үшін айыппұл салынады. 

Қарағандағы №63 мектептің басшылығы мектептің ата-аналарға жаңа ережелерді жіберген, оған сәйкес ереже бұзған оқушыларға немесе олардың ата-аналарына айыппұл салынады. Жаңа тәртіп бойынша оқушыға алдымен үш хаттама толтырылады, содан кейін іс құқық қорғау органдарына жіберіліп, айыппұл салынады екен.

"Қарағанды қаласындағы №63 мектеп. Жалпы, оқушыларға айыппұл салынатыны туралы кім естіді? Бүгін біз шок болдық. Ресми құжатсыз, мектеп әкімшілігі айыппұл салу туралы шешім қабылдапты", – деп жазды Threads желісінде бір ата-ана. 

Фото: threads.com/@vell_dl

Қарағанды облыстық білім басқармасың мәліметінше, Потанин атындағы жалпы білім беретін мектептің басшылығы 2025 жылдың 1 қыркүйегінде мектептің қамқоршылық кеңесінің отырысын өткізген. Кеңесте мектептің жаңа оқу жылына дайындығы және оқушылардың сабаққа кешігіп келуі, мектеп формасына қойылатын талаптарды орындамауы секілді мәселелер қаралыпты.


Міндетті мектеп формасын алып тастау туралы петиция: Министрлік мәлімдеме жасады


Мектеп директорының айтуынша, "Білім туралы" заңның 49-бабына сәйкес, ата-аналар мен заңды өкілдер төмендегі талаптарды орындауға міндетті: 

- Балалар үшін денсаулыққа қауіпсіз өмір мен оқу жағдайларын жасау, олардың интеллектуалдық және физикалық қабілеттерін дамытуға, моральдық қалыптасуына жағдай жасауға;

- Балалардың мобильді құрылғыларды пайдалануын, сондай-ақ олардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттары интернет-ресурстарға кірмеуін бақылауға;

- Мектепке дейінгі дайындықты қамтамасыз етуге және балаларды жалпы білім беретін мектепке бағыттауға;

- Білім беру ұйымының жарғысында белгіленген ережелерді орындауға;

- Балалардың оқу орнына баруын қамтамасыз етуге;

- Білім беру ұйымының қызметкерлерінің ар-намысы мен абыройын құрмет көрсетуге;

- Білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды орындауға;

- Білім беру ұйымында белгіленген киім үлгісін сақтауға.

"Балаларды күту, тәрбиелеу, оқыту, құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша ата-аналар мен қамқоршылардың өз міндеттерін орындамауы немесе тиісінше орындамауы әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 127 және 409-баптарымен әкімшілік жауапкершілікке тартылады", – делінген басқарма хабарламасында. 

Оқу-ағарту министрлігі қолданыстағы заңнамада міндетті мектеп формасына қатысты барлық ереже бекітілгенін атап өтті. Министрлік мәліметінше, заң талаптарын орындамағаны үшін айыппұл тек қарағандылық оқушыларға ғана емес, Қазақстандағы барлық мектеп оқушыларына салынады. 

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық ата-аналар мектеп формасын алып тастау туралы петиция жариялаған еді.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 02 Қыркүйек, 2025 20:55
Талқылау