Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағандыда өзінен жасы кіші баланы өртеп жібермек болған жасөспірім түрмеден құтылып кетті

Фото: Время, Аида Дастан

Қарағанды облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында мектеп оқушысына қатысты іс қаралды. Айыпталушы – 11-сынып оқушысы. Ол өткен жылдың қыркүйек айында 14 жастағы танысымен атасының ауласында сөзге келіп қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Время сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Тергеу мәліметінше, 14 жастағы бала абайсызда үстіне бензин төгіп алған. Сол сәтте айыпталушы баланың үстіне сіріңке лақтырған. 

“Үстіне бензин төгіп алған жасөспірімнен досы ысырап болған жанармайдың орнын толтыруды талап еткен. Осылайша ол төрт мың теңге сұраған. Жәбірленуші ақшасы жоқ екенін айтқан. Содан айыпталушы жасөспірімнің шалбарын өртеп жіберіп, өзі сөндірген. Ол жәбірленушіге ауыстыру үшін үйден басқа шалбар әкеп берген. Сосын ешкімге ештеңе айтпауды сұрап, үйіне жіберген. Салдарынан жәбірленушінің екі аяғын күйік шалып, денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтірілген”, – деді отта мемлекеттік айыптаушы Әділ Садықов. 

Сотта қос тараптың ата-анасы сөз сөйледі. Жәбірленушінің анасы ауыр жаза тағайындауды талап етті. Оның айтуынша, ұлы ауруханада ұзақ емделген. Мектепте буллингке ұшырап, ұялып, шорты киюге қорқады. Алда – тері трансплантациясы мен ұзақ емделу кезеңі күтіп тұр.



“Ұлыма тек физикалық емес, моральдық тұрғыда да ауыр. Мен соттан 5 миллион теңге моральдық шығын, 800 мың теңге адвокат шығынын өтеуді сұраймын. Айыпталушының отбасы қаласа, көмектесер еді, бірақ ешкім келмеді. Баламды өзім емдете алмаймын”, – деді жәбірленушінің анасы.

Ал айыпталушының анасы кешірім сұрап, ұлына қатаң жаза қолданбауды өтінді. Ол отбасының 5 миллион теңге төлеуге шамасы жоқ екенін айтып, кез келген сот шешімімен келісетінін жеткізді. Айыпталушы кінәсін жартылай мойындап, өкінетінін және кешірім сұрайтынын жеткізді.

“Бұл қайғылы оқиға. Ақымақтық. Ол бұл әрекетті әдейі істемеген. Керісінше, бензинді кептіремін деп от жаққан. Бірақ ұлым жаман бала емес. Қазір интернетте, мектепте бәрі кінәлап жатыр. Өмірін құртпаңыздар”, – деді баланың анасы.

Барлық тараптарды тыңдаған судья 16 жастағы жасөспірімді денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін кінәлі деп тапты.

“Қылмыстық кодекстің 107-бабының (Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру) санкциясы нақты бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындауға мүмкіндік береді. Алайда сот оның жасын, жеке басының ерекшеліктерін және бұрын сотталмағанын ескеріп, оған пробациялық бақылау орната отырып, 1,5 жылға бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сондай-ақ сот моральдық зиянды өтеу үшін 2,5 миллион теңге және адвокат қызметіне 800 мың теңге өндіріп беруді талап еді”, – деп үкімді жария етті судья.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Қарағандыда жасөспірім қатарласына сіріңке лақтырып, өртеп жібермек болғаны туралы жазған едік. Салдарынан жасөспірім ауыр күйік алған.

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 04 Маусым, 2025 17:09
Талқылау