Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағандыда қалааралық автобустар тоқтап қалды: Тұрғындар наразылық білдіруде

Қарағанды облысында қалааралық бағдар бойынша жүретін автобустар төңірегінде тағы шу шықты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Әлеуметтік желідегі жергілікті пабликтерде бірқатар бағдар бойынша автобус жүрмей жатқаны хабарланды. Бұл жанармай тапшылығынан туындап отыр деген қауесет бар. Себебі бір апта бұрынғы жағдай қайталанып отыр.

Облыс әкімдігінде хабарлағандай, жолға №3 автопарктің 7 бағыт бойынша автобустары шықпаған. Ол - Қарағанды-Теміртау, Қарағанды-Саран, Қарағанды-Абай, Қарағанды-Шахтинск, Қарағанды-Шахан, Қарағанды-Топар, Қарағанды-Егіндібұлақ бағыттарындағы жолаушы көліктері.

"Қазіргі таңда жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы автопарк басшылығымен келіссөз жүргізіп, қосымша субсидия бөлу мәселесін талқылап жатыр. Қорытындысы қосымша хабарланады. Тасымалдауды тоқтату алдын ала келісілмеген және мемлекеттік органдарға бұл туралы дер кезінде хабарланбағанын атап өткен жөн", - деп хабарлады Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі.

“Жүргізушілер субсидияны ұлғайтуды сұрап отыр. Автопарктегілер жолаушыларды тасымалдау тиімсіз болып отырғанын айтуда”, деп жазды "Патриот" Telegram-арнасы.

Кейбір дерек бойынша, тасымалдаушы мемлекеттік органдарды алдын ала ескертпеген. Қарағандылықтар осы жағдайға наразылық танытып отыр.

Айта кетсек, бұған дейін де Қарағанды облысында қалааралық рейс жүргізушілері жұмысқа шықпай қойған. Қазан айының ортасында облыста жанар-жағармай тапшылығына байланысты бірнеше қалааралық бағыттардың қозғалысы тоқтатылды. Сол кезде облысішілік маңызы бар автобустар алты бағыт бойынша жүруін тоқтатты.

Талқылау