Қарағандыда ер адам бірге тұратын әйел мен 2 жасар қызын кепілге алған
Қарағандыда "Арлан" арнайы жасағының жауынгерлері бірге тұратын әйел мен 2 жасар қызын кепілге алған ер адамды залалсыздандырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"24 жастағы жігіт пышақпен қорқытып, 21 жастағы бірге тұратын әйел мен 2 жасар қызын күштеп пәтерде ұстаған. Ол ешқандай талап қоймаған. Қасқөймен келіссөздер үш сағаттан астам уақыт жүргізілді. Кепілге алынғандардың өміріне қауіп төнгендіктен, полиция шұғыл шаралар қабылдауға мәжбүр болды", - деді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.
Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері кіреберіс есігін бұзып, одан кейін "Арлан" арнайы жасағының жауынгерлері пәтерге кіріп, күдіктіні ұстады. Ер адам есірткі қолданған болуы мүмкін деген болжам бар.
"Әйел мен бала зардап шеккен жоқ, олар психологиялық көмек көрсету үшін дағдарыс орталығына орналастырылды. Осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің 126-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", - делінген хабарламада.