"Теуіп, аяғымен бетімді мыжыды": Қарағандыда аяусыз соққыға жығылған мейіргер жағдайдың қалай болғанын айтып берді
Фото: Видеодан скрин
Қарағандыда жекеменшік емханаға келген ер адам мейіргерге шабуыл жасап, аяусыз соққыға жықты. Оқиға кешкі уақытта маммология орталығында болған. Зардап шеккен әйел қазір ауруханада ем алып жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “ТК 5” арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ер адам емханаға әйелі мен қызын ертіп келген. Әйелі маммологтың қыбалдауында болғанда ер адам қызметтік бөлмеге кірмек болған. Аға мейіргер Әсел Тасмағамбетова қызметтік бөлмеге кіруге болмайтынын айтқан. Сол кезде ер адам кабинеттің есігін жұлып алып, балалардың көзінше медицина қызметкерін соққыға жыққан. Куәгерлердің айтуынша, балалар әкесінің бұл әрекетіне үйреніп қалғандай болып көрінді, болған жағдай оларды қатты таңғалдырмады.
“Жерде жатқанда ол мені тоқтамай ұрып жатқандай көрінді. Жұдырық та тиді, аяғымен де тепті. Тіпті, аяғымен бетімді мыжыды. Менің балам бар. Баламды бір өзім асырап отырмын. Баламның жанына бара алмай қаламын ба деп қорықтым. Орнымнан тұра алмай қаламын деген қорқыныш болды. Шашымнан ұстап, тарта бастады. Мен жұлынып кетпес үшін шашымның түбінен ұстап тұрып, қолыммен басымды қалқаладым. Ол мені сонда да ұрып жатты”, – дейді зардап шеккен мейіргер Әсел Тасмағамбетова.
Ер адам Әселді 8 минут бойы ұрып-соққан. Ол әйел мен емханадағы жүкті дәрігер Әселге араша түспек болды. Бірақ мұнысы бекер болған.
“Бір сөз айтпастан оған шабуыл жасады, тұншықтырып өлтіретіндей болып көрінді. Мен оны өлтіріп қояды деп ойладым. Ішімде 6 айлық бала барына қарамастан оны тоқтатуға тырыстым. Ер адамның салмағы шамамен 100-120 келі. Ол мейіргердің үстіне жатып, шашынан ұстап алған. Оны ажырата алмадық. Еденнің бәрі қан-жоса болды”, – дейді маммолог дәрігер Айнұр Жұмақаева.
Тоқтаусыз соққыдан кейін Әсел өлген кейіп танытқан кезде ғана ер адам оны босатқан. Ол әйелдің бір уыс шашын жұлып алған. Саусағын екі жерден сындырған, екінші қолын тістеп алған. Әселдің миы шайқалған, сондай-ақ бас сүйек жарақаты деген диагноз қойылды. 36 жастағы әйелдің денесі көк ала қойдай.
“Оны алып шығып жатқанда туыстар жүгіріп келіп арыз жазбауын өтінді. Ол орталыққа үш баласымен және әйелімен келді. Бәрі жақсы еді. Кеше кешке барғанда қолына қағаз ұстаған ер адам оның шизофрениямен ауыратынын айтты. Шизофрениямен ауыратын адам көлік жүргізе ме? Ол жазадан құтылып кете ме деп отырмыз. Оны психикалық диспансерге жатқызып қоюы мүмкін. Осылайша жазасыз қалады”, – дейді Әселдің ата-анасы.
Қостанайда науқастың шабуылынан кейін дәрігер комаға түсті
Қостанайда дәрігерге шабуыл жасаған науқас қамауға алынды
Полиция 42 жастағы ер адамның дәрігерге күш көрсетуіне қатысты қылмыстық іс қозғады.
“Күдікті психикалық-неврологиялық орталыққа жатқызылды. Ол дәрігерлердің бақылауында. Оқиғаның себеп-салдары анықталып жатыр. Тергеу барысы Қарағанды облысы полция департаменті басшының бақылауында”, – деді облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Бақытжан Құдияров.
Денсаулық сақтау министрлігі жәбірленуші жеке меншік емхананың қызметкері деген желеумен болған жағдайға түсініктеме беруден бас тартты. Олардың айуынша, науқас қазір шұғыл нейрохирургия бөлімінде ем алып жатыр. Жағдайы орташа ауыр.
“Divera” емханасының басшылығы құқық қорғау органдарына шағым түсірді. Сондай-ақ іштей тексеріс жүргізді. Орталықтың қауіпсіздігін нығайтып, жауап хаттамаларын енгізу, бейнекамераларды кеңінен орнатып, қызметкерлерді науқастардың ашуына жауап беруге үйретуді қолға алмақ.
Жәбірленуші Әсем Тасмағамбетова дене жарақатын ғана емес, психологиялық тұрғыдан жарақат алғанын және көмекке мұқтаж екенін айтты.
Бұған дейін Қарағандыда ер адам мейіргерге шабуыл жасап, салдарынан ми шайқалып, саусағы сынғаны туралы жазған едік.

"Қазақ екеніме сенбейді": Ақтаулық жігіт желіде ерекше келбетімен көзге түсті
