Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағандыда "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының заңгерін өлтіргендер 18 жылға сотталды

Қарағанды ​​облысында "АрселорМиттал Теміртау" АҚ заңгері Ирина Эмді өлтіргендерге қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: instagram.com/patriotkaragandy/Ирина Эм

Соттың мәліметінше, сот отырысы алқабилер алқасының қатысуымен өткен. Кісі өлтірді деген күдікке ілінген 52 жастағы ер адам мен 44 жастағы әйел сот алдында жауап берді.

Соттың мәліметінше, 2023 жылы 23 сәуірде Шахтинск қаласында сотталушылар ер адамның пәтерінде алкогольдік ішімдік ішкен. Алкоголь таусылғаннан кейін ол заңгер көршісінің үйіне қарызға ақша сұрауға барған. Ақша алуға кетіп, көпке дейін қайтып келмеген соң әйел ер адамның артынан дәлізге шығып, “бөтелкелесі” мен көрші әйелдің сөйлесіп тұрғанын көреді. Ер адамды қызғанған сотталушы әйел пышақ алып, заңгердің кеуде тұсына пышақ сұғып алған.

Ер адам жараланған әйелді диванға апарып, тағы да бірнеше рет пышақтап кеткен. Осыдан кейін қылмыс ізін жасыру үшін көршісінің пәтерін өртеп жіберген.

Сотта сотталушылардың кінәсі олардың алғашқы мойындауларымен, куәлардың сөздерімен, сараптамалық қорытындылармен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді. 

"Алқабилер алқасының үкімі Ж.-ны Р.-мен алдын ала сөз байласу бойынша кісі өлтіргені және жәбірленушінің мүлкін қасақана өртеп жібергені үшін кінәлі деп таныды. Қылмыстың жиынтығы бойынша ер адам 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасымен сотталды", – делінген сот үкімінде.

Әйел де кінәлі деп танылып, 17 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар, моральдық шығынды өтеу үшін сотталушылардан жәбірленуші тараптың пайдасына 20 миллион теңге, ал ер адамнан пәтерді өртегені үшін тағы 7,1 миллион теңге өндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, 2023 жылдың 24 сәуір күні “АрселорМиттал Теміртау" компаниясының заңгері Ирина Эмнің мәйіті Шахтинсктегі өртенген пәтерден табылғаны туралы жазған едік. 

Талқылау