Қарағандыда әлеуметтік орталықтағы бала өлімін тексеру үшін арнайы комиссия құрылды
Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болған оқиғаның себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына түрлі басқармалар, департаменттер мен комитет өкілдері кірді. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
фото: serdobsk.pnzreg.ru
Арнайы комиися Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысовтың төрағалығымен құрылды. Оның құрамына облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар және денсаулық сақтау басқармаларының басшылары, полиция департаменті бастығының орынбасары, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті департаментінің басшысы, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының м.а., медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің басшысы, Қарағанды облысы әкімі аппаратының кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі бас инспекторы кірді.
Барлық баланың жағдайы психиатр-дәрігерлердің, невропатологтардың қатысуымен тексеріледі.
Сонымен қатар денсаулық сақтау басқармасы және жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қызметкерлері қатарынан дәрігерлердің тұрақты кезекшілігі ұйымдастырылды.
Айта кетейік орталықта директордың міндетін атқарушы тағайындалды.
"Қазіргі уақытта санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің департаменті, Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті 30 күнге дейін созылатын тексерулер жүргізуде", - деп мәлімдеді Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында.
Балалардың жаппай улану оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеумен облыстың арнайы прокуратурасы айналысады.