Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды облысының тұрғындары мұнай қалдықтарына уланып жатырмыз деп наразы

Қарағанды облысындағы Мұқажан Жұмажанов ауылының халқы мұнай қалдықтарын көметін орынның жабылуын талап етеді. Өйткені кәсіпорын бүтіндей бір ауыл халқын жаздан бері улап жатыр дейді тұрғындар. Ал мұнай қалдықтарын өңдеу үшін жерді жергілікті әкімдіктегілердің өзі үлестіріп берген екен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап. 

Жағымсыз иіске уланған тұрғындар далаға шықпауға тырысады екен. Бұл иіске тұншығып, демігіп қаламыз деген жұрт үйде күні-түні қамалып отыратын көрінеді. Бұған елді мекен іргесінен қос-қостан мұнай қалдықтарын жинайтын орынның пайда болуы себеп екен. Қолқаны қабатын иістен зәре-құты қашқан тұрғындар қалдықтан ауыз суға тарап, төрт түлігімізді қойып, адамдарды улап жатыр деп қапалы. 

"Мынаны жабу керек. Бұның бізге керегі жоқ. Ал жаппаған күннің өзінде басқа жерге көшіру керек", - дейді ауыл тұрғыны. 

Мұнай станциясынан шығатын мұнай қалдықтары дәл осы ауылдың маңына әкелініп, төгіледі екен. Ал ол жер ауылдан 400 метр қашықтықта орналасқан. Ауыл тұрғындары жағымсыз иістің әсіресе ыстық күдері қатты сезілетіндігін айтады. Тіпті  соңғы кездері адамдар түрлі ауруларға шалдығатын болған. 

Шетімізден сырқат болдық деген халық қалдықтар базасының орнын ауыстыруды не жауып тастауды талап етеді. 

"Менің кішкентай балам бар. Мына мұнайдың иісі шыққан кезде балам тіпті тұншығып демала алмай қалады", - дейді тағы бір тұрғын. 

Ал билік өкілдері жерді "Аспекстрой" ұйымына тиесілі зауыттың құрылысына бөлген. Айтуларынша, ұсынылған жобаға сай кәсіпорын мұнай қалдықтарын өңдеп, ауыл шаруашылығына қажетті заттарды шығарумен айналысуы тиіс болған. Дегенмен бұл әрекеттерін көрмедік дейді. 

"Бұл жерге әкеп таза мұнайды төгіп жатыр деген дабыл келді. Біз келіп өз көзімізбен көрдік. Енді бұл жерге таза мұнай төгілмейтіндігі белгілі ғой. Төгіліп жатқан мұнайдың қалдығы", -деп мәлімдеді Жаңаарқа ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Мұқанов. 

Ал "Аспекстрой" компаниясы халық пікірімен келіспейді. Сөздерінше, ауыл мен кәсіпорынның арасы 600 метрден асады. Оның үстіне ауа мен суды ластамау үшін мұнай қалдықтарын төгілетін жер мемлекеттік стандартқа сай келетін мембранамен қоршалған деп отыр. 

"Нысанның жобасы жергілікті тұрғындармен бірнеше рет келісілген болатын. Қоғамдық тыңдалымда талқыланды. Нысанда мұнай қалдықтарын өндеу жұмыстары қазір жүргізіліп жатқан жоқ. Барлығы да ұлттық экономика министрлігі бекіткен стандартқа сай", -деді ұйымның ресми өкілі. 

Кәсіпорынның жұмыс екі күннен бері тоқтап тұр. О баста қалдықтарды көму үшін жерді өздері бөліп берген шенеуніктер енді экология департаменттігімен бірлесіп, тексерулер жүргізбекші. Алайда бұл әрекеттері іске асады ма, жоқ па белгісіз. Себебі биылғы жылы шағын және орта бизнес ұйымдарын тексеруге мораторий жарияланыпты. 

STAN.KZ
Жұма, 10 Қаңтар, 2020 09:17
Талқылау