Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды облысында жаңа турбина іске қосылып, жас мамандарға арналған тұрғын үй құрылысы басталды

Қарағанды облысының Абай ауданындағы Топар кентінде қуаты 130 мегаватт болатын жаңа турбина салтанатты түрде іске қосылды. Сонымен қатар жас мамандарды қолдау мақсатында екі көпқабатты тұрғын үйдің іргетасына капсула салынды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Топар бас энергия тарату станциясын жаңғырту жобасы бірнеше жылға жоспарланып, өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған. Бүгінде К13088 турбинасы орнатылып, іске қосылды. Оның қуаты 130 мегаватт, ал осы жұмыстар арқылы станцияның жалпы мүмкіндігі 613 мегаваттан 743 мегаватқа дейін өскен. Қазіргі уақытта жабдықтарды кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

"Kazakhmys Energy" ЖШС бас директоры Темірлан Өтегенов жоба аясында өңір үшін маңызды қадам жасалғанын айтты.

"2023 жылы бастаған жұмысымызды екі жыл ішінде аяқтадық. Жаңа турбина Қарағанды облысының энергетикалық торабының тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, Санкт-Петербургтен тағы екі турбина сатып алдық. ГРЭС-ті дамыту жоспары 2032 жылға дейін жалғасады", – деді ол.

Темірлан Өтегеновтің айтуынша, бұл қадамдар тек өндірістік қуатты арттырумен шектелмей, алдағы жылдары өңірде электр энергиясына деген сұраныстың артуына алдын ала дайындық жасауға мүмкіндік береді. Жаңа жабдықтар жылу маусымын үздіксіз өткізуге жағдай жасайды, сонымен қатар қосымша резервтер қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жаңа қуат көзінің әлеуметтік және техникалық маңызына тоқталды.

"Экономикаға қосымша 130 мегаватт энергия қосылды. Бұл жаңа жұмыс орындары мен жаңа мүмкіндіктер. Алда атқарылатын жұмыстар әлі де көп", – деді облыс басшысы.

Келесі кезекте шара қатысушылары тұрғын үй құрылысының нысанына барды. Бұл жерде жас мамандарға арналған екі көпқабатты тұрғын үй салынатын болады. Жобаның мақсаты – өңірде жұмыс істейтін жас мамандарға тұрақты тұрмыс жағдайын жасау және әлеуметтік қолдауды арттыру. 

Сонымен бірге, ҚР энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Топар ГРЭС-інің тек облысқа ғана емес, елдің жалпы электр жүйесіне ықпал ететінін атап өтіп, тұрғындарға өзінің жылы лебізін жеткізді. 

Компания мәліметінше, жас мамандарға арналған тұрғын үйлер комфорт+ санатында салынады. Заманауи әрлеу, "ақылды үй" жүйесі, ас үй жиһазы қарастырылған. Жобаны жүзеге асыруға "Tansu Construction" компаниясы жауапты. Компания директоры Николай Кимнің айтуынша, әрқайсысы 40 пәтерден тұратын екі тұрғын үйдің құрылысы 1 жылдың ішінде аяқталмақ. 

Шара соңында облыс әкімі, ҚР энергетика вице-министрі және компания басшылары жас мамандарға арналған тұрғын үйдің іргетасына капсула салды. Бұл қадам тек энергетикалық жобаның ғана емес, әлеуметтік қолдаудың да символына айналды.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 10 Қыркүйек, 2025 14:32
Талқылау