Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды облысында өз мектебін "миналаған" жасөспірім сотталды

Өткен жылдың 6 желтоқсанында Теміртау қаласының Төтенше жағдайлар басқармасына белгісіз біреу қоңырау шалып, қала мектептерінің бірінде жарылғыш зат қойылғанын айтты. Ведомствоға түскен хабардан соң оқушылар мен оқытушылар мектептен шұғыл түрде эвакуацияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: pixabay.com

Ғимаратты тексеру кезінде полиция қызметкерлері ешқандай жарылғыш зат таппады. Теміртау қаласы полиция басқармасы экстремизмге қарсы іс-қимыл тобының қызметкерлері "мина қойған күдіктіні" анықтап, ұстады. Күдікті сол мектептің 15 жасар оқушысы болып шықты. Ол сыныптасының ұялы телефонын пайдаланып, жалған дабыл қаққан. Жасөспірім осылайша "әзілдегенін” айтады.

“Дайындалып жатқан терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу аяқталғаннан кейін барлық материалдар соттың қарауына жіберілді. Мемлекеттік айыптаушының ұсынысы бойынша сотталушының жасын және оның өз ісіне өкінетінін ескере отырып, мәміле түрінде іс жүргізу келісімі жасалды. Үкім шығарылды – бір жыл бас бостандығын шектеу. Сотталған адам сағат 22:00-ден 6:00-ге дейін тұрақты мекен жайынан шықпайды. Сондай-ақ пробация қызметтеріне хабарламай тұрғылықты жерін, жұмысын, оқу орнын ауыстырмау міндеттері жүктелді”, – деп мәлімдеді полиция департаменті. 

Сонымен қатар оған ойын-сауық орындарына, түнгі клубтарға, барларға, кафелерге, мейрамханаларға, ойын мекемелеріне және алкогольдік сусындар сататын мамандандырылған дүкендерге баруға тыйым салынады. Жасөспірімге қоғамға жат өмір салтын ұстанатын адамдармен қарым-қатынаста болуға тыйым салынады. Осы шектеулер бұзылып немесе жаңа заңсыз әрекеттер жасалған жағдайда шартты мерзім нақты мерзімге ауыстырылуы мүмкін. Үкім заңды күшіне енді.

Талқылау