Қарағанды облысында мектеп аумағында салынып жатқан ғимарат бораннан қирап қалды
Қарағанды облысы Ақадыр ауылында боран салдарынан мектеп аумағында салынып жатқан ғимарат құлады. Құрылыс нысаны спортзал мен асхана болуы тиіс еді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Видеодан кадр
Ғимараттың қирап қалған бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады. Видеода қызыл кірпіштің шашылып жатқанын байқайсыз. Дерекке сүйенсек, құрылыс нысаны мектептің асханасы мен спортзалы болуы тиіс көрінеді. Бірақ оқушылар күткен ғимарат құрылысы қазір аяқталмайтын сыңайлы.
Кейіннен бұл бейнежазбаға әкімдіктің құрылыс басқармасы жетекшісі пікір білдірді. Мұрат Мағзиннің сөзінше ғимаратты салу үшін мердігер компаниямен 2021 жылы келісім жасалған екен.
“Шет ауданы, Ақадыр ауылы Ермеков атындағы орта мектеп аумағындағы құрылыс нысанын салу үшін “Ер-Қанат Сервис” құрылыс компаниясымен келісім шарт жасалған. Бірақ мердігер мерзімді уақытынан жиі кеш қалып отырды әрі нысанды тексеру кезінде сапасыз салынып жатқаны тіркелді. Осылайша құрылыс компаниясымен келісім шарт үзілді. Қазір сот-сараптамалық жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар қайтадан құрылысты аяқтайтын компанияға конкурс жарияланып, мердігер анықталды. Біз өз тарапымыздан аталмыш нысанның толықтай сапалы аяқталуын бақылауда ұстайтын боламыз”, - делінген жазбасында.