Қарағанды облысында 38 жастағы ер адамға күштеп тұрмысқа берген 15 жастағы қызды әкесі өз қолына алды
Фото: Видеодан скрин/Қыздың өгей әкесі мен анасы
Қарағанды облысында ер адам 15 жастағы өгей қызын 38 жастағы ер адамға күштеп тұрмысқа берген. Жасөспірімнің туған әкесі полицияға арыз жазып, қызын өз қолына алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қамқоршылық органдары жасөспірімнің анасын және өгей әкесін ата-ана құқығынан айыру туралы талап-арыз берді.
“Мен өз балаларымды қолыма алғым келеді. Ұлым кәмелет жасқа толмаған, қызым да кәмелетке толмаған, тағы бір кенже қызым бар. Мен олардың бұл отбасында тұрып, өміріне қауіп төнгенін қаламаймын. Бұл өте қорқынышты жағдай. Менің кенже қызым бар. Олар оған да: "Сені де кейін күйеуге береміз" деген”, – дейді қыздың әкесі.
Ер адамның айтуынша, өгей әкенің үйінен тыйым салынған діни әдебиеттер табылған. Болған оқиғадан кейін төрт бала уақытша әкесіне берілді. Алайда әйелдің қазіргі күйеуінен тағы екі кішкентай баласы бар. Абай ауданының қамқоршылық бөлімі алты баланың барлығына қатысты анасы мен өгей әкені ата-ана құқығынан айыру туралы сотқа талап-арыз түсірді.
“Баланы күйеуге берген. Бұл туралы бала кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияда өзі мәлімдеді. Бес күн бойы бала үйде болмаған, ал анасы полицияға арызданбаған. Сол себепті комиссия бұл жағдай бойынша сотқа талап-арыз беру қажет деп шешті”, – дейді Абай ауданы білім бөлімінің бас маманы Марина Стрельникова.
Қыз Алматыдағы жекеменшік мектепте онлайн оқып, хиджаб киген. Бірақ әкесінің жанына барған соң орамалды шешкен. Бұл – жасөспірімге қысым болғанын көрсетеді” деген қорытындыға келді қамқоршылық қызметі. Тіпті анасының әкесі – қыздың туған атасы – немересін қолдап отыр.
“Иә, мен олардың бәрі жазаланғанын қалаймын, тіпті өз туған қызым да заң бойынша жазалансын. Бұл менің жүрегімді ауыртады, өйткені олар немеремді сатып жіберді. Біз күйеу балам екеуміз балаларды өзіміз асыраймыз”, – дейді қыздың нағашы атасы.
Жасөспірімнің әкесінің айтуынша, анасы мен өгей әкесі қызды полицияға берген арызынан бас тартуға көндірген. Бірақ сараптама зорлықтың болғанын дәлелдеді. Зорлық ісі бойынша сот алдағы уақытта болады.
Бұған дейін Қарағанды облысында ер адам 15 жастағы өгей қызын өз досына күштеп күйеуге берді деп айыпталған еді.

Қай айларда шетелге саяхаттау арзан
