Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды облысында "Kieli Tabigat" экологиялық акциясы өтуде

Еліміздің әрбір өңірінде киелі нысандарды және ұлттық табиғат парктерінің аумағын тазалауға бағытталған "Kieli Tabigat" экоакциясы басталды. Республика көлемінде өтіп жатқан акцияға Қарағанды облысына қарасты Қарқаралы ауданының ерікті жастары да атсалысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қарқаралы ауданында бірегей табиғат паркі ғана емес, ежелгі тарихтың ізі де сақталған. Сол себепті бұл акциядан Қарқаралы жастары тысқары қалмады. 

“JasStar” волонтерлер желісінің 30-ға жуық мүшесі Қарқаралыдағы киелі жерлердің аумақтары мен тарихи-мәдени маңызы бар нысандарға сенбілік жұмыстарын жүргізіп, тазалық шараларын жүргізді. Экоакцияға аудан жастарынан бөлек, табиғатты қорғау қызметінің өкілдері де қатысты.

Белсенділер экоакцияның алғашқы күнінде Ұлы даланың анасы деп аталатын “Қарқабат ана” ескерткіші маңын тазартудан бастады. 2 жыл бұрын орнатылған алып монумент Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында орналасқан.

“Қарқаралыға келетін әрбір қонақ немесе белгілі бір құрметті азаматтар ең алдымен осы Қарқабат ана ескерткішіне келеді. Қарқаралыға кірмес бұрын көп адам осы жердің әсем табиғатын тамашалап, демалады. Қарқаралыдағы ең маңызды жерлердің бірі десек болады. Туристік ағым көп болғандықтан, тазалық шарасын ең алдымен осы маңнан бастауды жөн көрдік”, – деді “JasStar” волонтерлер желісінің төрағасы Дархан Әбілқасым. 

"Kieli Tabigat" бірыңғай республикалық экоакциясын Қарқаралы жастары тұрақты түрде өткізіп отыруды көздейді. Олар әр сенбі сайын туристер көп келетін Қарқаралыдағы киелі жерлерге тазалық шарасын өткізіп тұрмақ. 

“Мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде туристер көп келетін "Үш үңгір", "Шайтанкөл", "Бассейн көлі" сынды ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бар. Қорықтар, резерваттар, ботаникалық бақтар да Қарқаралыға келген әрбір қонақтың назарынан тыс қалған емес.

Осы жерлерге жаз бойы туристер ағылады. Сәйкесінше, мұнда қоқыс қалдықтары жиі шашылып жатады. Осы экоакция шеңберінде біз барлығына тазалық жұмыстарын жүргіземіз. Әр сенбі сайын ұйымдастырып тұрамыз. Мәселен, алдағы сенбіде табиғи парк қорғауындағы "Үш үңгір" деген жерге барамыз”, –  деді Дархан Әбілқасым. 

Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі таулы-орман ландшафтысы. Табиғаттың бірегей нысандарын қорғау, саяхатты дамыту және халық демалысын жақсарту мақсатында 1998 жылы құрылған. Ұлттық парктің жалпы ауданы қазіргі уақытта 112 мыңнан аса гектарды құрайды.

Айта кетейік, республикалық акция Мәдениет және ақпарат министрлігі бастауымен ұйымдастырылды. Мақсат –халықты табиғатқа деген жанашырлыққа баулу әрі адамдар бойында экосананы ояту. Сонымен қатар жастарға археологиялық ескерткіштер мен ежелгі заманнан бері қастерлі киелі орындармен танысуға мүмкіндік береді.

Талқылау