Қарағанды облысында екі баланың анасына екі бөлмелі пәтер сыйға тартылды
Қасиетті Рамазан айында қайырымдылық қоры екі баланың анасына Сәтбаев қаласынан екі бөлмелі пәтер сыйлады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Екі мүмкіндігі шектеулі ұлы бар әйел Мағрипа Бижұманова бұрын Қарағанды облысының Жезді ауылында жағдайы жоқ ескі үйде тұрған. “Харекет" қайырымдылық қоры ананың жағдайын біліп, көмектесуді жөн көрген.
Осылайша екі баланың анасына пәтер кілті табыс етілді.
"Бұл отбасымен былтырдан бері таныспыз, Мағрипа Бижұманованың пешін жылыту, ұлдарына қарау қиын екенін ескеріп, оған Сәтбаев қаласынан ауруханаға жақын орналасқан екі бөлмелі жайлы пәтер беруді жөн көрдік.
Бұл қордың Жезқазған өңірінде сыйға тартқан 20-пәтері. Ал алдымызда көптеген жоспарлар бар. Мүмкіндігінше түрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастырып жатырмыз", – дейді қайырымдылық қорының Жезқазғандағы өкілі Ерлан Сүлеймен.
Айта кетейік, бұл қайырымдылық қоры 2017 жылы құрылған.
Талқылау