"Өлтір": Шымкент сотында Руслан Берденовке жасалған қастандықтың тағы бір видеосы көрсетілді
Фото: Видеодан скрин
Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша сот отырысы өтіп жатыр. Сотта шабуыл жасау кезінде бейнекамераға түсіп қалған тағы бір видео көрсетілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сот барысында әкімдік ішіндегі бейнекамераларға түскен жазба жария болды. Видеодан күзетшілердің шабуылға қалай реакция білдіргенін көруге болады. Күзетшілердің бірі бірден полицияға хабарласқан.
Сондай-ақ бейнежазбадан атылған қарудың дыбысы мен “Өлтір!” деген айқай естуге болады.
Алғашқы сот отырысында айыпталушы Ернар Жиенбай әкімнің орынбасарын тек қорқытпақ болғанын, бірақ өзге біреудің “Өлтіру керек” деген сөзін естігенін айтты. Бұған дейін сотта шабуыл сәтін көруге болатын бейнеролик көрсетілген еді.
“Отшашу атылғандай болып көрінді”: Руслан Берденовтың алған жарақаттары көрсетілді
Бұған дейін сотта шабуыл сәтін көруге болатын бейнеролик көрсетілген еді.
Еске салсақ, 22 сәуірге қараған түні Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалғаны туралы ақпарат тарады. Ол жамбас және иық тұсынан оқ жарақатын алып, ауруханаға жеткізілді. Оған шұғыл түрде ота жасалды. Шабуылдың алдын ала себебі ретінде бірнеше нұсқа айтылды. Бірі Руслан Берденов шабуыл жасаған адамның әйеліне тиісті десе, енді бірі бұл жағдайды Шымкенттегі құрылыс саласындағы былықтармен байланыстырды. Кейінірек әкімдік өкілдері шабуыл жасаған адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлімдеді.
22 сәуірде Руслан Берденовке қастандық жасаған деп күдіктелген Ернар Жиенбай туралы деректер тарай бастады. Онда Жиенбай Берденовті қызметінен босатпақ болғаны үшін кек алу мақсатында атқаны айтылған.
Кейін Ернар Жиенбайдың әкесі мәлімдеме жасап, тергеу мен сот әділ түрде істің барлық мән-жайын анықтайтынына сенім білдірді. Сонымен қатар халықтан асығыс қорытынды жасамауды және эмоцияға берілмеуді сұрады.
Бас прокуратура өкілдері істі Шымкент қаласының полиция департаменті тергеп жатқанын хабарлады. Тергеу Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі (Қылмысты істеуге оқталу) және 99-бабы 2-бөлігінің 6-тармағы (Басқа адамдардың өміріне қауіпті тәсілмен жасалған кісі өлтіруге оқталу) бойынша жүргізіліп жатқаны мәлім болды.

"Кейбірі сәбиінен, кейбірі анасынан айырылып жатады": Қазақстандықтар перзентхана алдында дүбірлі той жасайтындарды сынады
