"Дипломмен ауылға" деп шақыртып алған": Қарағандыда 23 жастағы қызды зорлады деген күдікпен аудан әкімі қамалды
Фото: pixabay.com
Қарағанды облысы полиция департаменті 23 жастағы қыздың зорлануына қатысты іс бойынша тергеу жүріп жатыр. Күдікті қамауға алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Патриот" арнасында зардап шеккен қыздың отбасы ұсынған ақпарат жарияланды. Қарағандылық ерлі-зайыптылар күдіктінің отбасымен дос болғанын, ал қыздары күдіктінің әкімдігінде жұмыс істегенін айтты. Қарағандылық ерлі-зайыпты қызын Ақшатау ауылының әкімі Нұрлан Сейілбековты зорлады деп айыптады. Зейнеттегі ішкі істер ардагерлерінің айтуынша, олар құзырлы органдарында 25 жылдан астам қызмет еткен. Экс-әкім Нұрлан Сейілбеков олардың отбасылық досы болған. Сонымен қатар ол 2023 жылдың 17 қыркүйегінде Ақшатау ауылдық округінің әкімі қызметіне келген.
2023 жылы олардың қызы Айтолқын Е.А. Бөкетов атындағы университетті "қоғаммен байланыс" мамандығы бойынша грантпен тәмамдап, оқуға өзі түсіп, жақсы нәтиже көрсеткен. Сол кезде отбасылық досы Нұрлан Сейілбеков қыздарын "Дипломмен ауылға" бағдарламасы бойынша жұмысқа шақырып, көтерме ақы мен қызметтік үй берілетінін уәде еткен. Ата-анасы келіскен соң, қыздың кандидатурасы Шет ауданының әкімдігінде мақұлданған. Олар қыздарына Ақшатау ауылынан үй жалдап берген. Қызы демалыс күндері өз көлігімен ата-анасына келіп тұрған.
2024 жылдың ақпан айында Айтолқын үйге келіп, анасына жүкті екенін айтқан. Қыз анасын болашақ жарымен таныстырып, бұл жайлы әкесіне қалай жеткізуді білмей, отбасылық достары Нұрлан Сейілбековтің жеткізуін қалаған. Осы уақытта экс-әкім бұл жаңалықты жылы қабылдап, алдағы тойға жылқы сыйлайтынын айтып, жігітпен танысқан.
Алайда көп ұзамай әкім қыздың анасына болашақ күйеу жігіт жайлы теріс ақпарат жеткізген. Жігітті ол қылмыстық жауапкершілікке тартылған, қарыздары бар екен деп айтқан. Қыздың анасы сол кезде әкімге жігіттің кім екенін айтып бергені үшін алғысын да білдіріпті. Қызы анасына "тойды тоқтатыңдар, тұрмысқа шықпаймын" деген. Әйелдің сөзінше, қызы бұдан кейін қатты күйзеліске түсіп, ішінен қан кеткен.
"Дәрігерлер жүйке жүйесінің күйзелісінен ағзада ақау болғанын айтып, түсік жасату керек деді. Майқұдық ауруханасында оған 10 апталық жүктілік кезінде түсік жасалды. 3 мамыр күні қызым Ақшатау ауылында жүргенде келінім хабарласты. Ол “Айтолкынды ауыл әкімі сабап тастады” деді. Сөйтсе қызым ағасына хабарласып, көмек сұрапты. Барлығын бауырларына айтып берген екен. Әкіммен қарым-қатынас қалай басталғанын да толық баяндапты. 2024 жылдың қаңтарында ауылға іссапармен ер адамдар келіп, үйден бөлме жалдаған. Сол кезде әкім қызыма “қонақтар түнде бөлмеңе кіріп кетсе ше, сенің жаныңда болайын” деп ұсынады. Қызым сеніп, келісіп қойыпты. Бірақ түнде әкім оны зорлаған. Таңертең кешірім сұрап, ешкімге айтпа деп жалыныпты. Сол күннен бастап әкім қызымды жиі мазалай бастайды. Қызым зомби сияқты жүрді. Ол осылайша біздің қызымызды пайдаланып жүріпті", – деді ата-анасы.
Ата-анасының айтуынша, Айтолкын үнемі банкке барып, несие алып отырған. Смарт-сағатты да несиеге алған.
"Қызым тіпті әкімдікке тиесілі “Нива” көлігіне шина сатып алған. Телефон мен смарт сағатты да соған сатып алып берген. Қызымның жалақысы аз болғандықтан, өзім банкке 1 миллион 600 мың теңге төледім. Ол смарт сағатты әкім өзі тағып жүр. Қарағандыға келгенде оның қолынан сол сағатты өз көзіммен көрдім", – деді қыздың әкесі.
Ата-анасының айтуынша, полиция ауыл әкімінің ісіне немқұрайлы қарап отыр.
"Біз бұрын полицияда жұмыс істегенбіз, тәжірибеміз бар. Құқық қорғау органдарының қалай жұмыс істеу керек екенін білеміз. Полиция істі созып, әкімге бәрін “реттеп” алуға уақыт берді. Зорлау ісі бойынша арызды әйел тергеуші қабылдауы керек. Алайда аудандық полиция бөлімінде әйел тергеуші жоқ деп айтылды. Қызымды ер адамдар тергеді. Ол үш рет жылап шықты. Бөлім басшысы Әсет Құрманғалиев жоқ деп, полиция басшысымен жолықтырмады. Қызымды ұрып-соғу таңғы 06:00-да болды. Ал әкімді полиция бөліміне кешкі 18:00-де қараңғы түскенде алып келді. Міне, “жеделдік”! Әкім қолына кісен салынбастан, күдікті емес, жай қонақ сияқты дәлізде жүрді", – деді ата-анасы.
Полиция мәліметінше, Шет ауданында тұратын 23 жастағы қыздың арызы негізінде қылмыстық іс қозғалған.
"Сол күні күдікті полиция тарапынан ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Соттың санкциясымен оған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған", – делінген полиция департаментінің хабарламасында.
Прокуратура сот алқасына жеке апелляциялық өтініш түсірген. Арыз-шағымнан кейін үйқамақ бұлтартпау шарасы өзгертіліп, күдікті қамауға алынған. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді. Желіде күдіктінің аудандық әкімдіктің қызметкері, нақтырақ айтқанда ауыл әкімі екені туралы ақпарат тарады. Бұл жағдайға Шет ауданы әкімдігінен түсініктеме берілді.
"Қылмыстық іс қозғалған сәтте ол ауыл әкімі лауазымын атқармаған. Бұл іс жеке сипатқа ие", – деді Шет аудандық әкімдігі.
Жамбыл облысында атасы кәмелет жасына толмаған немересін зорлады деген ақпарат тарады
"Көрмеген азабым жоқ": Әнару Құрманалиева соттың әлі жалғасып жатқанын айтты
Еске салайық, бұған дейін Көкшетауда ер адам 14 жастағы қызды зорлады деген күдікке ілінгенін жаздық. Ақпаратты облыстық полиция департаменті растады. Аталған факті бойынша, Қылмыстық кодекстің “16 жасқа толмаған тұлғамен жыныстық қатынасқа түсу немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер” бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті анықталып, қамауға алынды. Қазір кешенді тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

“Партизан болған, 400-ден астам жаралы сарбазды құтқарған”: Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен қазақ қыздары кімдер
