Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды облысынан көлік ұрлаған жас жігіт елордада полицейді қағып кетті

Қарағанды облысының Жаңарқа елді мекенінен "Митцубиси" көлігін ұрлап, айдап кеткен жас жігіт Нұр-Сұлтанда ұсталды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Фото: Қазақпарат

Полицияға 25 қыркүйек күні сағат 13:55-те 102 нөміріне Қарағанды облысының Жаңарқа елді мекенінен таңғы сағат 05:00-де "Митцубиси" маркалы автомобильді айдап кеткені туралы хабарлама түскен. 

“Қабылданған іс-шаралардың арқасында аталған көлік елорда аумағында байқалды. Автопатрульдерге көлік ұрысын ұстау туралы ақпарат жедел таратылды. Жүргізуші полиция қызметкерлерінің "тоқта" деген заңды талабына бағындай, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіре отырып, жол жүрісі ережесін өрескел бұзды", – делінген хабарламада. 

Ведомство мәліметінше, полиция қызметкерлері күдікті көлікті Ташенов көшесі бойында қоршауға алған. Бірақ ұрланған көліктің рөлінде отырған күдікті артқа жүріп, полиция қызметкерін қағып кеткен. Полиция қызметкері дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген.

"22 жастағы құқық бұзушы ұсталып, уақытша оқшаулағышқа қамалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Көлікті айдап әкетумен қатар күдіктің үстінен ҚР ҚК 380-бабы 3-тармағымен қылмыстық іс қозғалды", – деді қалалық полиция департаментінен.

Талқылау