Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қара тізімге енген". 6 бірдей оқу ордасының лицензиясы тоқтатылды

Білім беру стандартына сай келмейтін 6 оқу орнының лицензиясы уақытша тоқтатылған. Алайда Білім министрлігінің қара тізіміне іліккен оқу ордалары әлі де жұмысын жалғастырып жатыр. Тіпті бірінші курсқа студенттер қабылдап, қашықтан оқуды бастап кеткен, деп хабарлайды КТК-ға сілтеме беріп Stan.kz ақпарат агенттігі.

1-ші қыркүйек қарсаңында Білім және ғылым министрлігі 6 бірдей оқу ордасының лицензиясы уақытша тоқтатылғанын мәлімдеді. Қара тізімде Алматы экономика және статистика академиясы, Шымкенттегі халықтар достығы университеті, «Silkway» сияқты белді білім ошақтары бар. «Олар білім беру стандартына сай келмейді», - дейді министрлік. Сондықтан кемшіліктерді жоюға уақыт беріліпті. Егер ескертпені елемесе, түбегейлі лицензиясынан қағылып, оқу-ордалары жабылуы мүмкін.

"Лицензия тоқтатылған кезде уақытша тоқтатылады. Себебі, ЖОО кемшіліктерді жоюға уақыт беріледі. Одан кейін қайта тексеріс жүргізіледі. Тексеріс барысында қайтадан кемшіліктер болса, ол университеттің қайтадан жұмыс жасай ма, жасамай ма, тағдыры шешіледі", -  дейді Гүлзат Көбенова, ҚР БҒМ комитет төрайымы.

Алайда жабылудың алдында тұрған оқу ордалары министрлік тарапынан ешқандай ескертпе алмағандарын айтады. Мәселен, Алматы экономика және статистика академиясында екі мыңға тарта студент бар. Биыл 400-ге жуық абитуриент қабылданған. Олар бүгіннен бастап қашықтан оқуды бастады.  Өйткені академия ректоры «лицензиямыз әлі де жарамды» деп, жайбарақат отыр. Тіпті электронды үкімет порталында да лицензиясы тоқтатылды деген дерек жоқ екен. Сондықтан жалған ақпарат таратқандарды жауапқа тарту үшін сотқа жүгінбекші.


"Бізді мынадай ректордан құтқарыңыз": Шымкенттегі оқу орнының оқытушылары президент пен министрден көмек сұрады 


"Лицензиясы тоқтатылды" дегенді естіген ата-аналар мен студенттер жанын қоярға жер таппай кетті. Алайда бүгінгі күнге дейін біздің лицензиямызды ешкім тоқтатқан жоқ. Қазір бұл ақпараттың қайдан шыққанын тексеріп жатырмыз. Заңгерлеріміз жұмыс істеуде. Қажет болса, сотқа жүгінеміз", - дейді Валерий Корвяков, Алматы экономика және статистика академиясының ректоры.

 Шымкенттегі халықтар достығы университетін министрлік екі мәрте тексеріпті. Нәтижесінде бірқатар кемшілік анықталған. Сондықтан сот шешімімен аталмыш оқу ордасында 200 мың теңге көлемінде айыппұл салынған екен. Бірақ лицензиясын тоқтату туралы шешім шықпаған. Сондықтан бұл оқу орны басшылығы да министрлік таратқан мәліметке таңғалған.

Халықаралық «Silkway» университеті әзірге жұмысын әдеттегідей жалғастыруда. Өйткені министрлік «тырнақ астынан кір іздеп отыр» деген басшылар 15 кемшілік тапқан тексерушілердің нәтижесіне «көңіліміз толмайды» деп сотқа шағымданған.

"Ақпан айында тексеріс болып, 15 кемшілік тапты. Ол: кадр мәселесі, жұмысқа қабылдау және инклюзивті білім беру саласы. Біз карантинге қарамастан ескертпенің барлығын жойдық. Шілде айында екінші тексеру болып, тағы 7 кемшілік тапты. Біз онымен келіспейтінімізді айтып, сотқа шағым түсірдік. Қазір сот шешімін күтіп отырмыз. Сондықтан лицензиямыз тоқтатылған жоқ", - дейді Ирина Есимова, «SILKWAY» Халықаралық книверситеті президентінің кеңесшісі.

 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр