Қара теңіздегі мұнай танкерлеріне шабуыл: Қазақстанның cыртқы істер министрлігі жағдайға қатысты мәлімдеме жасады
Фото: depositphotos.com
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев Қара теңіздегі мұнай танкерлеріне жасалған шабуылдарға байланысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сыртқы істер министрлігі 13 қаңтар күні Қара теңізде Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалына бет алған үш танкерге ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы жасалған шабуылдарға байланысты алаңдаушылық білдіретіні мәлімдеді.
“Бірқатар еуропалық мемлекеттердің елшілерімен өткізілген шұғыл кездесулер, сондай-ақ америкалық тараппен және өзге де шетелдік серіктестермен болған байланыстар барысында халықаралық құқық нормаларын қатаң сақтай отырып, көмірсутегін тасымалдаудың, оның ішінде теңіз жолдарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралар қабылдаудың маңыздылығына ерекше мән бердік”, – дейді министрлік өкілі.
Министрлік Қазақстанның қандай да бір қарулы қақтығыстың қатысушы емес екенін, әлемдік және еуропалық энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға елеулі үлес қосып келе жатқанын әрі энергия ресурстарын жеткізудің үздіксіздігін халықаралық талаптарға толық сәйкес қамтамасыз етіп отырғанын атап өтті.
“Осыған байланысты аталған танкерлердің барлық қажетті рұқсаттары болғанын және талап етілетін сәйкестендіру жабдықтарымен қамтамасыз етілгенін атап көрсетеміз”, – делінген мәлімдемеде.
Сондай-ақ министрлік соңғы уақытта осындай оқиғалардың жиілеуі халықаралық энергетикалық инфрақұрылымның қалыпты жұмыс істеуіне төнетін тәуекелдердің артып келе жатқанын көрсететінін атап өтіп, серіктестерін осындай оқиғалардың алдын алу мақсатында бірлескен шаралар әзірлеу үшін өзара іс-қимыл жасауға шақырды.
Еске салсақ, бұған дейін Қара теңізде Қазақстанның мұнайын күтіп тұрған екі танкерге дрон шабуылдағаны туралы жазған едік.
"Екеуі екі-үш күн қатарынан жанжалдасып, соңы осындай болды": Шымкентте 21 жастағы қыздың өліміне қатысты көршілері көргендерін айтты