Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қар жауса, техниканың біреуін де таппайсың": Көрінбейтін қарды тазалаған Шымкенттің коммуналдық қызметі күлкіге қалды

Әлеуметтік желіде ер адам Шымкент көшелерінде коммуналдық қызметтің қар күрейтін көлікпен қар жоқ болса да, асфальттың үстін тазалап жатқанын айтып, әзіл видео түсірген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: st-kt.ru

"Біздің машиналар қар тазалап жүр. Жердің топырағын шығарып, қар тазалап жүр. Міне, жүргізуші көлікте жарықты қосып қойып, тазалап жатыр. Бізде көрінбейтін қарлар бар екен ғой, Қазақстанда, әсіресе, Шымкентте...", – деді видео авторы.

Egov.press басылымы желідегі парақшасында Шымкент әкімдігі таңғалдыруды тоқтатпайтынын жазды.

"Жергілікті тұрғындар неліктен қала бойынша арнайы техниканың көзге көрінбейтін қарды тазалап жатқанын түсінбейді. Қар жауып кетсе, қалада мына техниканың біреуін де таппайсың", – делінген арна жазбасында.

Stan.kz тілшісіне Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Әбілқайыр Оңғаров видеоны кім түсіргенін және неліктен көлік ол уақытта жүргенін анықтап берді.

"Түркістан облысы Төлеби ауданының тұрғыны азамат М.Сәкенұлының Шымкенттегі Рысқұлов көшесінде қар тазалауға арналған арнайы KAMаз техникасының 10 желтоқсанда сағат 17:35 шамасында "көрінбейтін қарды тазалап жатқаны" туралы бейнежазбасы жарияланған. Аталған сыни бейнежазбаға байланысты Шымкенттегі қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізілді", – деді Әбілқайыр Оңғаров.

Басқарма басшысының сөзінше, "Шымкент Спец Комплекс" ЖШС Тұран ауданы аумағындағы магистралды көшелерді абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарына жауапты мемлекеттік-жекешелік әріптес.

"Өздеріне бекітілген аумақты механикалық сыпырып, тазалау жұмыстарын көпфункционалды аралас жол машиналары мемлекеттік белгісі 915 AB 17 нөмірлі арнайы техникасы жүргізген. Сыпырып-тазалау жұмыстары барысында аталған техниканың қар күреуге арналған алдығы бөлшегі істен шығып жерді күреген сәті бейне жазбаға түсіп қалған. Бұл тұста жоғарыда аталған мекеменің дерегінше, техника ешқандай қар күреу жұмыстарын жүргізбеген. Олар "Шымкент Спец Комплекс" мекемесіне тиесілі арнайы жөндеу техникаларының тұрағына бара жатқанын мәлімдеді. Басқарма тарапынан осы бағытта жұмыс атқаратын мердігер мекемелерге  түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, алдағы уақытта аталған жағдай қайталанбауы туралы ескертілді", – деді Әбілқайыр Оңғаров.

Еске салайық, бұған дейін Теміртауда жаңбыр астында асфальт төсеген мердігерлер видеоға түсіп қалғанын жаздық. Видео авторының айтуынша, әкімдіктер сын айтылмайынша, іске көшпейді. Әкімдік бұл оқиғаны растап, жаңбыр басталған соң жұмыс тоқтатылғанын хабарлады. Олар жаңбырдан бұрын төселген асфальт қайта тегістеліп, ылғалдың енуіне жол берілмегенін мәлімдеді. Жұмыстар техникалық қадағалаумен жүргізіліп, зертханалық тексеруден өткеннен кейін ғана қабылданатынын айтты.

Талқылау