Қар тазаланбаған: Алматы орталық стадионының басшысы "Астана"-"Челси" ойынынан кейін қызметінен босатылды
Алматының Орталық стадионының басшысы "Астана"-"Челси" матчы алдында трибуналардың уақытылы тазаланбауына байланысты қызметінен босатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Әлеуметтік желіден
Алматыда өткен “Астана”-“Челси” футбол клубтары арасындағы ойынды тамашалауға барған жанкүйерлер көрермендерге арналған орындықтар мен баспалдақтардың қардан тазаланбағанын айтып, наразылық білдірген еді. Желіде стадионның қар басқан орындықтарының фото-видеолары тарады.
"Алматы қаласы Орталық стадионының батыс секторындағы алты қатардағы орындықтардың (орталық стадиондағы жалпы орын санының 2,7%-ы) арасындағы қардың уақытылы тазаланбауына байланысты туындаған қолайсыздықтар үшін жанкүйерлерден кешірім сұраймыз. Алдағы уақытта мұндай оқиғаларды болдырмау үшін тексеру жүргізіледі. Орталық стадион нысанының меңгерушісі Бауыржан Жұмажанов қызметінен босатылды", – делінген Алматы қаласының спорт нысандары дирекциясының хабарламасында.
Еске салсақ, аталмыш ойында “Астана” футбол клубы “Челсиден” 1:3 есебімен жеңілгені туралы жазған едік.