Желіде Magnum-дегі құстардың тауық етін шұқып жеп жатқан видеосы тарады
Әлеуметтік желіде Алматыдағы Б.Момышұлы көшесінде орналасқан Magnum желісінде құстардың тауық етін шұқып жеп жатқан видеосы тарады. Желі қолданушысының бұл видеосы көпшілікті шошытты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Видеодан Алматыдағы Б.Момышұлы көшесінде орналасқан Magnum желісінде терезеден кірген құстар сөрелерде қапталып тұрған құс етіп шұқып жеп жатқанын көруге болады. Болған жағдайға қатысты Magnum желісінің жауапты қызметкерлері түсініктеме берді.
“Мұндай жағдайды көру қаншалықты жағымсыз екенін түсінеміз. Күн суытқанда дүкенге құстар жиі кіріп кетеді. Бұл мәселені шешу үшін қолымыздан келгенше тырысып жатырмыз. Дүкенде құстарды үркітетін арнайы құралдар бар. Ал азық-түлік сенімді қаптамаға оралған. Дүкенге құстар кіріп кеткенін көргенде қызметкерлер оларды дереу шығарып жібереді. Бұл жағдай біздің бақылауымызда. Ыңғайсыздық тудырғанымыз үшін кешірім сұраймыз”, – деп пікір білдірді дүкен қызметкері.
Желі қолданушылары да бұл дүкеннен көңілі қалғанын жеткізді.
“Жақында осы дүкеннен тортилья сатып алдым. Үйге келіп қарасам көгеріп кетіпті. Бір апта бұрын дайындалған екен”, “Мынау қалай кетті, кім терезені ашқан?”, “Қаптамасын ауыстырып, қайта сатады”, “Бұзылып кеткен азық-түліктерді сатады”, “Айыппұл”, “Бұл құстар дүкенге әкелінген бәліштерді де шұқып тастайды”, – деп жазды желідегілер.