Қапшағайда полицейлердің кесірінен 17 бас ірі қара арам қатты
Қапшағай қаласында ветеринарлар мен полицейлердің кесірінен 17 бас асыл тұқымды ірі қара арам қатты. Жалпы құны бес миллион теңгеге бағаланатын бұл бұқаларды кәсіпкер Алматыға етке өткізуге әкеле жатқан. Алайда малдың ветеринарлық анықтамасы болмағандықтан, тәртіп сақшылары төрт сағат бойы көлікті күннің астында қаңтарып ұстаған. Аптап ыстыққа шыдамаған ірі қара түгелдей қырылып қалды. Енді шаш-етектен шығынға батқан кәсіпкер кінәлілерді сотқа бермекші, деп хабарлады КТК арнасы.
Аптап ыстықтан арам қатқан бұл бұқаларды кәсіпкер Бақанастан басып шыққан екен. Қапшағайға жете бергенде жол сақшылары тоқтатып құжаттарын тексерген. Алайда 17 бас ірі қараның ветеринарлық анықтамасы болмапты. Сондықтан тәртіп сақшылары жүк көлігін аудандық ішкі істер бөліміне жеткізіп, анықтаманың жайы анықталғанша жүргізуші мен малдың иесін бес сағат бойы бөлімшеде ұстаған. Осы уақытта шыжыған күннің астында қаңтарылып тұрған асыл тұқымды бұқалар ауа жетпей тұншығып өлген.
«Бір жарым сағаттай ветеринарды күттік. Содан не керек шықсақ малдың бәрі арам қатып өліп қалған», – дейді кәсіпкер Жомарт Мәмбетқұлов.
Шаш етектен шығынға батқан кәсіпкер бұл бұқаларды 5 миллион теңгеге сатып алған екен. Қолында ұрлықы мал емес екенін дәлелдейтін құжаттары да бар. Бірақ бұған тәртіп сақшылары пысқырып та қарамаған.
Әрқайсысы жарты тонна тартатын бұқаларды қаланың сыртына апарып союға тура келді. Өйткені Қапшағайда қасапхана жоқ. Ал жергілікті ветеринарлар бар кінәні кәсіпкердің өзіне артып отыр. Өйткені ірі-қараны жабық көлікпен тасымалдаған дейді. Бұл аздай өлекселерді арнайы орында емес, ашық аспан астында жіліктегені үшін де мал иесін жауапкершілікке тартпақшы.
«Мына қырылған малға сендер өздерің кінәлісіңдер. Криматорий будканың ішіне салып тастағансыңдар. Өздерің өлтіріп тастадыңдар малды», – дейді ашынған ветеринар.
Бар малынан айырылғаны былай тұрсын, айыппұл арқалаған кәсіпкер бұл істі жылы жауып қоймаймын дейді. Шығынды талап етіп полиция қызметкерлері мен ветеринарлардың үстінен шағым түсірді. Ал иістеніп кеткен 8 тоннаға жуық мал етінің енді ешқайда өтпесі анық.
Шілденің шіліңгір ыстығына шыдамай қаталап өлген 17 бас асыл тұқымды ірі-қараның еті енді жеуге жарамайды. Олардың бірде біреуі адал бауыздалмаған. Оның үстіне ми қайнатар ыстықтан еттері де жидіп кеткен екен. Мұндайды тіпті шұжық жасайтын цехтар да қабылдамайды. Сондықтан құны бес миллион теңгеге бағаланатын ірі-қараның еті енді ит-құсқа жем болмақ.
Жіберіп алмаңыз:
ШҚО тұрғындары мәйітті үй ауласына көмбекші болған адамды видеоға түсіріп алды (видео)
Оралда құрылыс алаңынан табылған сәбиді өз әкесі қамқорлығына алмақшы
Қазақстандықтар аптаған ыстықта адамдарды тегін тасуға шақырылды
Қазақстанның 18 миллионыншы тұрғынына 3 бөлмелі пәтер беріледі