Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бір уақытта өзім де суға тұншыға бастадым": Анасы Қапшағайда екі баласының қалай көз жұмғанын айтты

Алайда кәмелет жасына толмаған екі бірдей баласынан жақында ғана айырылған Жәмилә оқиғаның қалай болғанын айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Qazaqstan” арнасына сілтеме жасап.

Қапшағай су қоймасындағы қайғылы жайт жалғызбасты ананың еміс-еміс есінде. Себебі 12 мен 15 жастағы екі ұлын құтқарамын деп жанталасқан келіншектің өзі де суға батып кете жаздаған. Соңында жеткіншектерді айдыннан алып шығуға ұмтылған Жәмиләнің 30 жастағы туған інісі мен 32 жастағы сіңілісі де ажал құшты. Олардың өлі денесін толқын жағаға бір-ақ шығарған. Ал мектеп оқушыларын сүңгуілер су астынан төрт сағатта әрең тауыпты.

“Балалардың суға батып бара жатқанын көріп ұмтыла жүгіргенім есімде. Бір уақытта өзім де суға тұншыға бастадым. Есімді жисам, жағалауда отыр екенмін. Бірден балаларымды іздедім. Бірақ барлығы тым кеш еді. Ол жер таяз болатын. Алайда екі-үш қадамнан кейін шұңқыр пайда болды. Соның кесірінен батттық. Оны бізге ешкім ескертпеді”, – дейді  балалардың анасы Жәмила Сабыржанова.



Күні кеше ғана жақындарын жер қойнына тапсырған әулет қазаға қалтасының қамын ғана күйттейтін демалыс аймағының қожайыны кінәлі деп отыр. Кәсіпкердің қатаң жазаға тартылуын сұрайды. Өйткені, отбасы жағажайға кіру үшін ақша төлеген.

Қайғылы оқиғадан соң жағажай жабылды. Ал жергілікті әкімдік артынша бұл маңнан бірнеше заңбұзушылық анықтаған. Атап айтсақ, бұл жерлер ауыл шаруашылығы мақсатында игерілуі тиіс еді. алайда, жер иесі оны демалыс орнына айналдырған.

4 адам суға кеткен жердің жанындағы "жабайы жағажайларда" бүгінде де демулаушылар көп. Солардың бірі - Оксана Шумай.

“4 жылдан бері осы жерге келіп демаламыз. Мына жердің таза болғаны ұнайды. Бірақ, толқыны қатты. Осы жағажайдың жолында арнайы бекет бар, соған келгенде үшін 3 мың теңге төлеп кіреміз. Құтқарушылар, ешкім жоқ. Жауапкершіліктің бәрі өзімізде”, – дейді демалушы Оксана Шумай.

Бұл ретте, психолог мамандар да жауапкершілікті адам алдымен өз мойнына алу қажет деп есептейді. Яғни, өзінің және балаларының қауіпсіздігін қашан да қаперден шығармаған жөн.

“Мен қайда жүрмін, мен не істеп жүрмін? Ол жерде қандай мүмкіндіктер, қандай қауіптер бар деген өзара жауаптар болады ғой. Сана-сезімі оянған, эмоциялық тұрғыдан өз-өзіне ие бола алатын адамдар үлкен ересек адам болып есептеледі. Кім ересек, үлкен адам сол жанындағы жастарға ие болуы керек”, – дейді психолог Жанат Қалиева.

Құтқарушылар Қапшағайдағы қалалық жағажайда күніне 4 - 10 жас аралығындағы 5-6 баладан жоғалып жататынын айтады.

“Әр апта сайын кем дегенде 3-4 адамды құтқарып аламыз. Ал "Баламды тауып беріңіздер" деп күніне бірнеше адам келеді. Біз фотосын бір-бірімізге ватсап арқылы таратып, суға түсіп те іздейміз, мыңдаған демалушылардың арасында жүгіріп те іздейміз. Баланы тауып ата-анасының қолына ұстатамыз”, – дейді  қалалық орталықтандырылған жағажай құтқару қызметінің жетекшісі Ерік Байдәулетов.

Міне осындай оқыс жағдайда халық түгел құлақтанатындай орталықтандырылған радиорупор керек дейді мамандар. Алайда, оған қаражат бөлінбеген. Қазіргі қолданыста ұстап жүрген құралдар – мегафондар. Күші - 50 Ватт. Қауқары аз құрылғымен жағажайда демалушылардың барлығына хабарлама жасау мүмкін емес.

“Құтқарушылар таңғы 9-дан кешкі 9-ға дейін ақ қарайды жағажайды. Көп адамдар ішімдік ішеді, көрсетпей ішеді, тығып ішеді. Соның саласында бір-бірін тыңдамайды, ерегесіп қалады. Сондай моменттерде суға батып кететіндер болады”, – дейді "Қапшағай тұрғын үй" ЖШС директоры Әбілхайыр Орынбасар.

Жалпы, Қапшағай маңында 140-тан астам демалыс орны бар. Оның жетеуі - қалалық жағажай. Тек соның біреуіне демалыс күндері он мыңдай адам барады. 

Талқылау