Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан 4 жастағы Айкөркемнің өліміне байланысты тергеу тоқтатылды
Қаңтарда оқ тиіп қайтыс болған төрт жасар Айкөркем Мелдеханның өліміне қатысты қозғалған іс тоқтатылды. Бұл туралы марқұм бүлдіршіннің әкесі Айдос Мелдехан айтып, Еуропарламентке үндеу жасады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
“Мен халықаралық Еуропарламенттің құқық қорғау ұйымдарынан көмек сұраймын. Біздің мемлекет төрт жасар Мелдехан Айкөркемнің ісіне, Қаңтардағы оқиғаларға қатысты объективті тергеуге кедергі келтіруде. Балаларымды атқан әскерилердің әрекетінен кенже қызым қаза тапты.
Ешқандай қылмыс жоқ, олар бұйрықты орындады деп істі толығымен тоқтатып тастады. Мен тағы да халықаралық құқық қорғаушыларға және Еуропарламентке жүгінемін, Қаңтар оқиғасына араласса екен. Ақиқат пен әділдікке қол жеткізуге көмектессеңіздер екен. Біздің Қазақстанда үкімет пен құқық қорғау органдары шындыққа жетуге мүмкіндік бермейді”, – деді Айдос Мелдехан.
Істі тергеуші орган оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасының Айдос Мелдеханға жіберген хатында "Адам өлтіру" бабы (ҚК 99-бап) бойынша қозғалған іс 2022 жылдың 28 желтоқсанда "Қару қолданып, билікті асыра пайдалану" бабына (ҚК 451-бап) ауыстырылғаны жазылған. Екі күннен кейін яғни, 30 желтоқсанда іс тоқтатылып, "құпия" құжат деп танылған. Енді құпия құжаттармен танысу үшін Алматының ұлттық қауіпсіздік қызметі департаментінен арнайы рұқсат алу керек.
Айта кетейік, Айдос Мелдехан денсаулығының нашарлауына байланысты №4 Алматы қалалық ауруханада, хирургия бөлімінде ота жасатты. Қазіргі жағдайын тұрақты деп бағалады.
Еске салайық, былтыр 7 қаңтарда төрт жасар Айкөркем Мелдехан Алматыда жақындарымен бірге сыртта жүрген кезінде оқ тиіп қайтыс болды. Оның 16 жастағы әпкесі жараланып, сол кезде ауруханаға түскен еді. Көлікке кімнің оқ атқаны әлі күнге дейін белгісіз.