"Қаңтар оқиғасы": 11 адамға Алматы әкімдігінің ғимаратын басып алды деген айып тағылды
Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаңтар оқиғасына қатысты басты сот отырысы басталды. 11 адамға жаппай тәртіпсіздік пен Алматы әкімдігінің ғимараты мен президент резиденциясына шабуыл жасады деген айып тағылып отыр. Олардың арасында белсенді Қосай Маханбаев та бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алдын ала сот отырысында сотталушылар өз кінәларын мойындамады. Айтуларынша, 5 қаңтар күні олар Алматының әр жерінде болған. Алайда, бұл жолы жеті адам өз кінәсін жартылай мойындайтынын айтты.
Бір айыпталушы уақытша ұстау изоляторына қамалды, қалған 10 адамға қатысты қамауда ұстаумен байланысты емес бұлтартпау шарасы таңдалды.
Олардың барлығына Қылмыстық кодекстің 272-бабының 2-бөлігі "Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу" және 269-бабының 3-бөлігі – "Ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу" бойынша қылмыс жасады деген айып тағылды. Үш айыпталушыға Қылмыстық кодекстің 380-бабының 3-бөлігі – "Билік өкілін қорқыту немесе күш қолдану" бойынша қосымша айып тағылып отыр
Іс судья Ерлан Болатовтың төрағалығымен қаралып жатыр.
Сот отырысында үйқамақтағы Қосай Маханбаевтың қорғаушысы қорғауындағы азаматқа қатысты бұлтартпау шарасын азайтуды сұрады. Маханбаевтың өзі айтқандай, отбасының жалғыз ұйытқысы, қазір үйқамақта отырғандықтан, ақша табуға мүмкіндігі жоқ. Сондай-ақ сотталушы судьядан қайтыс болған анасына арналған жиынға қатысуға рұқсат беруін сұрады.
Прокурор бұлтартпау шарасын өзгерту туралы айтылған себептердің заңды еместігін алға тартып, қарсылық білдірді.
Ерлан Болатов үзіліс жариялап, мәжіліс залына кетті. Сот отырысы қайта жалғасқаннан кейін судья өтінішті қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімін жариялады . Судья өз шешімін тағылған айыптың ауырлығымен негіздеді.
"Сізге жиынға қатысуға рұқсат етемін. Бірақ бұлтартпау шарасын өзгертуге негіз жоқ", - деді Болатов.
Келесі сот отырысы 10 қазанға белгіленді.