Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қаңтар оқиғаларынан кейін ұсталған бұрынғы қорғаныс министрі Бектановқа сот үкімі шықты

Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соты бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Бектановтың ісіне қатысты үкім шығарды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотының 2023 жылғы 24 ақпандағы үкімімен Бектанов Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 451-бабының 3-бөлігі ("Жауынгерлік жағдайдағы өкілеттік шегінен шығу") бойынша айыпты деп танылды. Оған 12 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, қылмыстық-атқару жүйесінің қатаң режимдегі мекемесінде өтеу тағайындалды”, – делінген бейсенбі күні шыққан сот шешімінде.

Айта кетейік, іс “құпия” тергеліп, жүргізілген.

Қорғаныс министрлігінің бұрынғы басшысына қатысты тергеу 2022 жылдың 19 ақпанында басталды. Оған Қаңтар оқиғалары кезінде “қызметін дұрыс атқармаған” деген айып тағылды. Былтыр Қаңтар оқиғасында бас прокурор Берік Асылов төтенше жағдай кезінде Бектановтың анық заңсыз бұйрықтар беріп, стратегиялық әскери нысандарды қорғаусыз қалдырғанын айтқан.



Еске салайық, 21 ақпан күні Бас прокуратура ҚР бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Бектановтың ұсталғанын растады. Бектановқа қатысты Қылмыстық кодекстің 452-бабы ("Биліктің әрекетсіздігі"), әрекетсіздік фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министрінің командирлік қабілет көрсете алмағанын сынға алған болатын. 

"Қаңтар оқиғасы кезінде Қарулы Күштер өзіне сенімсіз әрі қабілетсіз басшылығының кесірінен жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде атқара алмады. Министр Бектанов командирлік қабілетін көрсете алмады. Командалық-штабтық және әскери жаттығулар кезінде оң нәтиже көрсеткен армиямыз бола тұра, сын сағатта оның әлеуетін пайдалана алмадық. Сырттан көмек шақыруға мәжбүр болдық", – деді Президент.

Бектановтың орнына 19 қаңтарда қорғаныс министрі қызметіне Руслан Жақсылықов тағайындалды.

Талқылау