Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қаңтар оқиғалары мен Мамайдың ісін тергеуге келген еуропалық комиссия алғашқы мәлімдемелерін жасады

Бүгін, 20 қаңтарда Алматыда Ұлыбритания парламенті депутаттарының қатысуымен баспасөз жиналысы өтті. Ешкімге бағынбайтын үкіметтік емес комиссия мүшелері Қазақстанға қаңтар оқиғаларынан кейін ұсталған Жанболат Мамайдың ісін тексеру үшін келген. Олар сонымен қоса қаңтарға қатысты басқа да оқиғалар мен эпизодтарды тергейді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

еуро комиссия

Комиссия мүшелерінің қатарында азаматтардың құқығын қорғаумен айналысатын Bindmans LLP компаниясының басқарушы өкілі Тайаб Али, комиссияның төрағасы Лорд Макдональд және Ұлыбритания мемлекеттік әділет хатшысы, парламенттегі консерваторлар өкілі Роберт Бакленд бар.

Тайаб Али биліктің елімізге жұмыс сапарымен келген Британ парламентарийлерімен кездесуден ескертпестен бас тартып, оларды Жанболат Мамаймен де жолығуына рұқсат етпегенін айтты. Олар Қазақстанға 15 қаңтарда келген.

"Жанболат Мамайдың не үшін қамалғанын тексеру бойынша үкіметтік емес комиссия құрылған соң, биік лауазымды Британ парламентарийлері Қазақстанға келді және біз үкіметтегі ресми өкілдерімен және тергеу барысындағы куәгерлермен кездессек деп үміттенген едік. Алайда, 16 қаңтар күні кешке, комиссия барлық ресми кездесулердің өтпейтіні және Мамай мырзамен кездесуге берілген рұқсат та күшін жоятыны туралы хабарлама алды. Комиссияға бұл әрекеттің еш себебін түсіндірмеді", - деді Тайаб Али.

Ал комиссияның төрағасы Лорд Макдональд олардың Қазақстанға келмей тұрып Лондондағы елшілікпен толық келісімге келіп, оларды биліктің жоғары деңгейде серіктестік танытуға дайын деп сендіргенін жеткізді.

Олар өздерінің 17 қаңтар күні Астанада сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенкомен, парламенттің сыртқы істер, қорғаныс және қауіпсіздік  жөніндегі комиссиясының төрайымы Айгүл Құспанмен кездесулер жоспарланғаны туралы айтады.



Комиссия мүшелері азаматтық қоғамның өкілдерімен, қаңтар оқиғасының куәгерлерімен кездескенін және әлі де кездесіп жатқанын қосып өтті.

Bindmans LLP компаниясының басқарушы өкілі Тайаб Али қазір зерттеу нәтижелерімен бөлісе алмайтынын айтты. Тергеу жұмыстары толық аяқталғаннан кейін ғана көпшілікке ұсынамыз, деді ол.

Журналистердің сауалына жауап берген Тайаб Али комиссияның жұмысын кімдердің қаржыландыратынын ашып айта алмайтынын түсіндірді. Қаңтар оқиғаларының өте нәзік тақырып екенін атап өткен ол тергеуге қатысты кейбір адамдарға зияны тиіп кетуі мүмкін екенін айтады.

"Сол себепті дәл қазіргі уақытта сол адамдарға зияны тимес үшін бізді қаржыландыратын адамдардың атын ашпаймыз. Әлбетте, олардың атын жасырып үлкен комиссия мүшелерін қалай қамтамасыз етесіздер деген орынды сұрақ туындайды. Біз - Bindmans LLP адам құқығымен айналысатын халықаралық компаниямыз. Бұл біздің фирманың жасап жатқан алғашқы тергеуі де емес. Біздің өз жұмысымызды қалай атқарып жатқынымызды жіті бақылап отырады. Ұлыбританияда ақшаны заңсыз шығарғандарға қатаң заң бар екенін ескерсек, егер біздің компанияның оған қатысы болғанда біз бұл іспен айналыспайтын едік. Айналысқан күнде де оның зардаптары ауыр болар еді", - дейді ол.

Өздерінің ашықтығын дәлелдеу үшін компания өкілі Қазақстан билігін бірнеше рет тергеуге қатысуға шақырғанын атап өтті. 

Тайаб Али тергеудің есебі ашық көрсетілетінін айтты. Кез келген азамат онымен танысып, талқыға салып әрі сынауына болады, деді ол.

Сонымен қатар комиссия мүшелері тергеу жұмыстарының аяқталуы тиіс нақты уақыттың жоқ екенін, алайда олар барынша тез әрі өнімді етіп аяқтауға тырысатындарына сендірді.

"Біз әлі де дәлелдерді жинап жатырмыз. Бізбен сөйлескісі келген адаммен кездесуге әрдайым дайынбыз", - деді олар.

Талқылау