"Қаңтар – қазақтың қасіреті": Алматыда өткен еске алу митингінің соңы немен аяқталды?
Бүгін 13 ақпан Алматыдағы Республика алаңына халық жиналып, қаңтар қырғынында қаза тапқан құрбандарды еске алды. Шеруге шыққандар биліктен бейбіт азаматтарға оқ атқандарды жауапқа тартуды және ешқандай дәлел-дәйексіз абақтыда азап шегіп жатқандарды босатуды талап етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Полиция азаптауды тоқтат!"
Жексенбі күні болған еске алу шарасына жұрт күндізгі сағат 11-ден бастап жинала бастаған. Бастапқыда 200-ден астам жиналған халықтың қарасы уақыт өткен сайын көбейе берді. Жиналғандар арасында саясаткерлер мен қоғам белсенділері Балташ Тұрсымбаев, Рысбек Сәрсенбайұлы, Болат Әбілов, Еркін Рақышев пен Жанболат Мамайлар болды.
Еске алу митингі сағат 12-де қаңтар қантөгісінде құрбан болғандарға құран бағышталған соң басталды.
Сағат 12 болғанда халық жиналған аумақта интернет желісі толық өшірілді. Бірақ Сәтбаев пен Назарбаев көшелері жабылған жоқ. Адамдар да, көліктер де емін-еркін өтіп жатты. Шерушілерді бақылаған полициялар да көп байқалмады. Жол ережесін бақылап жүрген бірнеше жол патрульдерінен бөлек полицейлер көзге көрінген жоқ.
Тәуелсіздік ескерткіші алдында тұрғандар "Халық террорист емес" деген жазуы бар плакат ұстап тұрды. Кейбіреулер қайғылы қазаға ұшыраған марқұмдардың әруағына арнап, шелпек пісіріп әкелген.
Белсенді азаматтар халық алдына шығып, сөз сөйледі. Сөйлегендер биліктің қаңтар оқиғасы кезінде халыққа оқ атуын сынап, азаптау мен қудалауды тоқтатуды талап етті. Митингіге қаңтар оқиғасында құрбан болғандардың туыстары да жиналды.
Жексенбі күні Тәуелсіздік ескерткіші маңында азаматтық белсенділер, құқық қорғаушылар, "Демократиялық партия" құру жөніндегі бастамашыл топ өкілдері, "Ел тірегі" партиясын құрғысы келетін топтың мүшелері болды.
Олар билікке талап-тілегін айтып, бейбіт митингіге шыққан азаматтардың ажалына кінәлілер жауапқа тартылсын деген талап қойды.
- "Кез келген әскери киінген адам дұшпан сияқты көрінеді": Тәртіпсіздіктер кезінде 4 жасар қызынан айырылған әке бүлдіршіннің қазасы жайлы айтты
- "Ағамды алаңда атып тастады": Алматыдағы бейбіт шеруде қаза тапқан азаматтың туыстары әділдік сұрайды
Жиынға қатысушылардың қолында "Жазықсыз азаматтарға бостандық!", "Халыққа оқ атқандар сотталсын!", "Полиция азаптауды тоқтат!" деген жазуы бар плакаттар болды.
Кейбіреулер ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың отставкасын талап етіп, оның жазаға тартылуы қажет екенін айтты.
Осыдан бірнеше күн бұрын халықты митингкке шақырған белгілі кәсіпкер Болат Әбілов те Республика алаңында болды.
Тәуелсіздік монументі жанына жиналғандар алдында сөйлеген ол қаңтар құрбандарына ескерткіш орнатуды ұсынды.
"Кешегі қаза азаматтардың есімін сақтап қалу үшін үлкен ескерткіш тұрғызуымыз керек. Сондай-ақ Фурманов көшесін Қаңтар көшесі деп атайық", - деді Әбілов.
227 құрбан – 227 алма
Тәуелсіздік монументінде оқиға құрбандарының тізімі жазылған. Жұрт қаза болғандардың рухына құран бағыштап, монументке гүл қойған. Монументтің жаны қаза тапқан марқұмдардың суреттерімен толған. Ескерткіш алдына келушілер шам жағып, қаза тапқандарды еске алды.
Алматылық суретші әрі дизайнер Денис Стадничук монументтің жанына ақ қағаздар қойып, үстіне 227 алма қойған. Ресми деректер осынша адам қаңтар қақтығысы кезінде қаза тапқан.
Сағат 15:30 шамасында Алматының Республика алаңында қалғандарға жергілікті прокуратура және әкімдік өкілдері келіп, шараның "заңсыз" екенін ескертіп, тарауды сұрады. Бұл уақытта алаңда тұрған адамдардың бірсыпырасы тарап, аз ғана халық тұрған еді.
- Қазақстанда жаппай тәртіпсіздіктер қайталануы мүмкін бе? Сарапшылар болжамы
- "Оқ атқан әскерилер қазақша сөйледі": Алматыда қаңтар оқиғалары кезінде бір әулеттің мүшелерін тапа тал түсте қырып салған
Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдар Есенбеков пен қалалық прокурордың орынбасары Назар Ыбыраймолда алаңда тұрған адамдармен диалог орнатуға тырысты.
Бастапқыда алыстан полицияның арнайы сарбаздары салынған автобустар көрінгенімен, олар жиналғандарға жақындамады. Билік өкілдері алдымен тарауды сұрағанымен, халық Досаевтың келуін талап етіп, тапжылмайтындарын айтты.
Халықтың тарауын сұрап келгендерді жиналғандар ортаға алып, заңсыз қамалғандарды босатуды талап етті. Прокурордың орынбасары Ыбыраймолда міндетті түрде шара көрілетінін айтып, халықтың арыз жазу қажеттігін айтты. Прокуратура өкілдері жиналғандарға өздерімен бірге прокуратураға барып, талаптары жазылған өтініштерін тапсыруды ұсынды. Жиналғындар мұнымен келісті.
Сағат кешкі 5 шамасында халық арасынан шыққан он адам заң өкілдерімен бірге қалалық прокуратураға кетті. Олар қамауда отырған адамдардың қал-жағдайын біліп, заңсыз қамауда отырған азаматтардың санын білуді мақсат еткен.
Полиция демонстранттарға дүкеннен тамақ әкелуге кеткен үш әйелді ұстаған. Алаңда тұрғандар осы азаматшаларды босатуды талап етті. Прокуратура өкілдері ұстап әкеткендері алаңға алып келгеннен кейін, халық тарай бастады.
Кешкі сағат 5 жарым болғанда алаңда ешкім қалмады.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі трагедияның болып өткеніне 40 күн өткен соң алаңда митинг өтіп жатқаны жазылған.
Еске салайық, биылғы жылдың қаңтар айының басындағы Маңғыстаудағы сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты жаппай наразылық басталып, оның соңы ел аумағында тәртіпсіздік пен зорлық-зомбылыққа ұласқан еді. Ресми мәлімет бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанда кемі 227 адам мерт болған, оның 19-ы – күш құрылымдары өкілдері.
Қақтығыстан әсіресе Алматы қаласы қатты зиян шекті. Қаңтардың 5-і күні қарулы қарақшылар тобы қала орталығын қиратып, қала әкімшілігінің ғимараттары мен жақын маңдағы президент резиденциясын өртеп жіберді.
Полиция ғимараттарына, ҰҚК және басқа да әскери нысандарға шабуыл жасалды.
Сондай-ақ Талдықорған, Шымкент, Қызылорда, Тараз қалалары да зардап шекті.
Осы оқиғалардан кейін Қазақстан билігі бүкіл елде төтенше жағдай енгізіп, лаңкестікке қарсы операция басталғанын хабарлады.
5 қаңтар күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметті отставкаға жіберіп, Қауіпсіздік кеңесін басқарды. Ол лаңкестермен күресу үшін ҰҚШҰ-дан көмек сұрауға шешім қабылдады.
ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі елдегі жағдайды қалыпқа келтіру үшін Қазақстанға ұжымдық бітімгершілік күштерін жіберу туралы шешімге келді. Барлығы 2300-дей бітімгер әскерилер келді. 13 қаңтарда ҰҚШҰ миссиясының сәтті аяқталғаны туралы хабарланды. Қазіргі таңда бітімгерлердің барлығы Қазақстаннан шығып кетті.
Үкімет қанша бейбіт тұрғынның қаза тапқанын әлі айтқан жоқ.