Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қансыраған күйі үйіне дейін жорғалап барған: Қарағандыда жүк пойызы зейнеткердің аяғын кесіп кетті

Қарағандыда 63 жастағы әйел темір жолды кесіп өтем деп жүк пойызының астында қалды. Пойыз зейнеткердің екі табанын кесіп өтіпті. Болған жайттан кейін жапа шеккен әйел бар жігерін жинап, үйіне дейін жорғалап барған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап. 

пойыз

Үйге жете берісте кейуананы оның баласы байқап, жедел жәрдем шақыртыпты. Дәрігерлер әйелге жедел түрде ота жасап, жансақтау бөліміне жатқызған. Мамандар зейнеткердің аяғын жіліншігіне дейін тағы кесіп тастапты. 

"Оқиғадан кейін әлі есімізді жиған жоқпыз. Біз әжейді көрген жоқпыз, оның балалары бұл жайт туралы сөз қозғағысы келмейді. Жақын арада палата бөліміне шығарылады, сол кезде не болғанын өзіміз сұрап білеміз", - дейді зардап шеккен зейнеткерді келіні Эльмира Аманжолова.

Оқиға қаланың қақ ортасында болған көрінеді. Жергілікті тұрғындар темір жолдан асу үшін онда тұрған пойыздардың астымен еңбектеп өтеді екен.

Айтылған жерде арнайы жер үсті өткелі мүлдем болмаған. Сол себепті қысы-жазы тұрғындар қос пойыздың арасымен, не астымен өтуге мәжбүр. Бұл мәселенің тұрғанына осымен отыз шақты жыл болыпты.

"Былтыр қыстыгүні тағы бір ұқсас жағдай болған еді. Бір әжей темірге басын соғып алғандықтан, есін пойыздың астында жоғалтып алған. Қайта абырой болғанда, дүкеннен келе жатқан бір азамат оны көріп қалған. Егер пойыз жүріп кетсе, не болар еді?", - дейді қала тұрғыны Денис Лебедев. 

Ең қызығы әкімдіктегілер зейнеткердің оқиғасы жайлы хабардар екен. Мәселенің барлығы темір жолдың жекеменшік ұйымның аумағында орналасқандықтан шарасызбыз деп түсіндірді олар. Ал жәбірленушінің жақындары әйелдің ауруханадан шығуын күтіп отырған көрінеді. Содан кейін сотқа арызданатын ойымыз бар деді зейнеткердің жақындары. 

 

Талқылау