Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қанша балаға көмек керек: Аружан Саин Парижден пәтер алған шенеуніктің есімін атауды талап етті

Үкімет өкілінің Франция астанасынан 25 миллиард теңгеге сатып алған пәтері ел арасында түсінбеушілік туғызды. Осы орайда қоғам белсендісі, “Мейірім” қайырымдылық қорының жетекшісі Аружан Саин аталған соммаға қаншама науқас балаға көмек көрсетуге болатынын айтып, назын білдірді. Ол пәтер құнын екі есе артығымен төлеген шенеуніктің есімін атауды талап етті, деп хабарлайды Stan.kz.

Бұл туралы ойымен Аружан facebook-тегі парақшасында бөлісті.

“Париждегі пәтердің құны 25 350 000 000 KZT… Ал Қазақстан халқы 11 жылдың ішінде «Балаларға өмір сыйла» қорына 2 622 231 298 KZT ақша жинады. Бұл қаржыға еліміздің әр аймағынан 1565 балаға көмек көрсетіліп, 2 242 операция төленді. Бұл Париждегі пәтер құнының небәрі 10%-ы.

1565 бала… 11 жылдық еңбек… Үміт пен ұйқысыз түндерге, ата-ананың көз жасына толы жылдар, сабырлық пен балалардың ауруымен өткен уақыт… Ал Париждегі пәтер үшін бұдан екі есе көп ақша берген. Неге нарықтағы бағаны төлеп, ақшаны басқа жаққа жұмсамаған?!

Әрине, біреудің ақшасын санау менің жұмысым емес әрі біздің қордағы балаларға қажетті заттарды тізіп, салыстырғаным да дұрыс емес шығар. Бірақ, науқас балалардың аналары жылап хабарласқан кезде жүрегім езіліп кетеді. Маған күніне әлеуметтік желі арқылы ондаған хаттар келеді.

Қолда бар ақшаға қарағанда бала саны көп болғанда қынжыласың. Кейде ересектер де көмек сұрайды. Бірақ олардың бетін қайтаруға мәжбүрміз, себебі балалардың өзін толық ем-доммен қамтамасыз ете алмаймыз.

Дәл осы себепті белгісіз «Қазақстан азаматы» пәтер құнын артығымен төлеп, 65 миллион еуроға пәтер алғанын миыма қондыра алмадым. Екі есе ақша төлей салу үшін бұл сомманы қандай жеңіл жолмен тапты екен?

Оның есімін атаңыздар. Жария болуы тиіс деп ойлаймын! «Биліктің бұл ресми өкілі» кім? Жүздеген ауру балаға ақша жинап берген Қазақстан халқына түсініктеме берсін”, – дейді Аружан Саин.

Жіберіп алмаңыз:

Қазақша ән айтқан орыс әжелер желі қолданушыларын тәнті етті (видео)

Ұлттық банк төрағалары туралы әзіл аралас жұмбақ желіде тарап кетті

Шымкент тұрғыны: Әкім аяғымды күрекпен ұрып сындырды

Бағдат Мусин: Қазіргі жастар 4 жыл тайраңдап бос жүреді, тек диплом алса болды

 

Талқылау