Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қанымызды тірідей ішіп жатыр": Масаға таланған семейліктер денесіндегі бөртпелерге шағымданды

Семейліктер масаға таланып жатыр. Қанымызды тірідей ішіп жатыр деген тұрғындар бұдан әрі шыдау мүмкін емес дейді. Ал әкімдіктегілер қаладағы қоғамдық орындардағы масалардың көзін жоямыз, ал ауладағы жәндіктерді өлтіру біздің жұмысымыз емес деп отыр.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюроға” сілтеп хабарлайды. 

Кешкі салқынмен серуендеуге шықсақ болды масаға таланып қайтамыз деген тұрғындар, дезинфекция мүлде жасалмағанын айтады. Ауру таратқыш жәндіктердің көзін дер кезінде құртпаса, эпидемия кезінде жығылғанға жұдырық болады деп қорқады мұндағы жұрт.

"Міні жан жақтан қолымыздың бәрі, аяғымызды бәрін маса шағып тастады. Міне, балалар да қасынып, қолының бәрі қызарып кетті. Білмейміз не істеу керектігін?!", - деді Семей қаласының тұрғыны Альдина Манарбекқызы.

"Ылғида осы жерге келіп, дем алғым келеді, балаларымды алып. Міне келіп едім, масадан жүре алмай жатырмыз. Балалардың өзін шағып. Қазір үлкен-үлкен масалар, жағдайымыз онша болмай жатыр", - деді Семей қаласының тұрғыны Эльмира Оразмұхамбетова.

Ал қоғамдық орындардан бөлек, Ертіс пен ылғалды батпақты жердегі үйлердің тұрғындары мүлде есік алдына шықпайтынын айтты. Өйткені аулаға шыққан балалардың денесі қызара бөртіп келеді екен. Аллергиясы бар адамдар мен жүкті әйелдерді шақса, соңы неге апарарын ойлаудың өзі қорқынышты, дейді халық.

Әкімдіктегілер халық көп жиналатын орындарға ғана дезинфекция жасайды. Ал тұрғындар өз аулаларын өздері залалсыздандыру керек екен. 

"Тұрғындардың өздері үйлерінің жертөлелерін өңдемейді. Масалар көбінесе қараңғы және ылғалды жерлерде көп болады. Сондықтан халық дер кезінде залалсыздандыру жұмыстарын жүргізгенде мұндай жағдай болмас еді.  Бұл жағдайдан бірге шығар едік", - деді Семей қаласы ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Азамат Көмеков.

Зиянкестердің көзін жою үшін қалалық бюджеттен екі миллион теңге бөлінген. Бірақ сол қаржының сегіз жүз жиырма мың теңгесі ғана қансорғыштарды жоюға жетеді екен. Ал қалған сомасы қайда жұмсалары әлі белгісіз, бәлкім қосымша аудандарды дезинфекциялауға кетуі мүмкін.

Гүлдана Қазтай
Бейсенбі, 27 Мамыр, 2021 07:52
Талқылау