"Қаңылтыр қоршау үстіне түскен": Петропавлда қатты желден бір адам зардап шекті
Петропавлда дауыл кезінде ұшқан қаңылтыр қоршаудан ер адам жарақат алды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Солтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, сағат 16.30-дар шамасында жедел жәрдем қызметіне Петропавлдағы "Жас Өркен" ықшам ауданындағы Горький-Жабаев көшелерінде жүріп жатқан құрылыс алаңынан шақырту түскен.
Сол жерде жұмыс істеп жүрген 56 жастағы ер адам қатты дауылдан ұшқан қаңылтыр қоршаудан жарақат алған. Салдарынан жұмысшының бұғанасы сынды. Зардап шегуші Петропавлдағы көпсалалы қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасына жеткізілді.
Мамандардың айтуынша, жағдайы орташа, тиісті ем жасалып жатыр. Бұған дейін Петропавлда күн райының бұзылып, қатты дауыл тұрғанын айтқан едік. Бірнеше көлікке ағаш құлап, ғимараттарға зақым келді.
"Қазгидромет" РМК СҚО бойынша филиал мамандары ауа райының бұзылуына Ресейден келген циклонның әсер еткенін айтты.