Кәсіпкерді жазаламақшы болған екі қазақстандық полицейдің масқарасы шықты
Екі қазақстандық полицей кәсіпкерді қақпанына түсіреміз деп, өздерінің масқарасы шықты. Олар қанғыбаспен ақылдасып қитұрқы әрекет орындамақ болған. Алайда саудагерді айыппұл арқалатпақ болғандардың өздері дауға ілікті. Енді олардың іздеріне ішкі істер министрлігі түсті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
"Осындайдың керегі не?! Арамзалық, масқара ғой! Егер менде камера болмаса, айыппұл салып кететін еді. Сотта да оны дәлелдей алмайсың. Бұлар сөйтеді де, хаттама толтырып, маған айыппұл салып кететін еді. Біздің не жазығымыз бар? Бала-шағамызды асырап отырмыз", - деген дауыстар естіледі желіде таралған видеода.
Бейнежазбада автотұраққа тоқтаған көліктердің бірінен қолында сөмкесі бар қаңғыбас еркек түскені аңғарылады. Ол дүкенге кіріп арақ сұрайды. Алайда әлі таңғы уақыт болғандықтан, сатушы оған арақ сатпапты. Біраз тұрған соң, маскүнем далаға шығып кетеді. Осы уақытта қаңғыбас түскен көліктен екі полицей де шығады. Бірі тоқтап, қаңғыбаспен сөйлесіп тұрады. Ал екіншісі айналып барып, бірден дүкенге кіреді. Артынша қалған екеуі кіреді.
Кәсіпкердің сөзінше, бірінші кірген полицей бірден «рұқсат етілмеген уақытта арақ саттың» деп, дүкен иесін қыспаққа ала бастапты. Сөмкесінде жатқан арақты көрсетіп, маскүнем де сақшының сөзін растайды. Алайда дүкен ішінде де камера орнатқан кәсіпкер өзінің арақ сатпағанын көрсетіп құтылады. Айласы аспай қалғанына көзі жеткен екеу маскүнемді ертіп, қайтадан бір көлікке мініп кетеді. Бұл жағдай үш күн бұрын болған екен. Кәсіпкерді қақпанға түсірмек болып масқарасы шыққан қызметкерлерінің кім екенін енді ішкі істер министрлігіндегілер анықтап жатыр.

Қазақстандық блогерлер "лотереяға" тыйым салатын заңды айналып өтудің жолын тапты
