Моңғолиядағы қандасымыз өзге елде қазақтың ұлттық тағамдарын дәріптеп жүр
Моңғолиядағы қандасымыз Майгүл Аулық – Қобда қаласында жеке кәсібін жүргізіп, қазақ мәдениетін дәріптеп жүрген жандардың бірі. Екі елдің мәдениеті өте ұқсас деген ол атажұртқа оралғысы келетінін де айтып қалды. Алайда Қазақстанда қандастардың жағдайы жасалмағанын естіп, бұл ойынан бас тартыпты. Stan.kz тілшісіне ол жырақтағы қазақтардың өмірі мен не себепті атамекенге оралғысы келмегенін айтып берді.
– Майгүл ханым, өзіңіз, отбасыңыз, тұратын өлкеңіз жайлы жайлы айтып бересіз бе? Бұл қалада қазақтар көп пе?
– Мен тұратын Қобда қаласы – моңғолдар көп тұратын аймақ. Басқа да 14 ұсақ ұлт тұрады. Оның ішіндегі қазақтардың саны оң мыңға жуық. Булған деген үлкен аудан бар. Онда 2000-ға жуық қазақ шоғырланған. Бұдан бөлек қаладан 32 шақырым жерде орналасқан Қобда деген ауданда жергілікті халықтың басым бөлігі қазақтар. Өзіміздің Баян-Өлгий сияқты қазақтардың мекені. Қобда аймағының шекарасы Баян-Өлгиймен шектеседі. Бір-біріне өте жақын орналасқан аймақтар. Өлгийде қандастарымыз мал шаруашылығынан бөлек мемлекеттік жұмыстарда да істейді ғой. Бұл жерде ондай емес. Қобдадағы қазақтардың тұрмыс-тіршілігі егін шаруашылығымен тығыз байланысты. Моңғолия климаты жағынан жылы аймақтарының біріне жатады. Сондықтан да неше түрлі дәнді-дақылдар мен көкөністерді егеді.
Өзім Баян-Өлгий аймағында Ұланқұс деген ауданда дүниеге келдім. Керей руынан тараймыз. Мектепті сонда оқып, Улан-Баторда жоғарғы оқу орнын ағылшын тілінен аудармашы-менеджер болып бітірдім. Содан кейін мұғалімдікті оқып, саясаттану академиясын тәмамдадым. Бір жыл ғана ұстаздық еттім. Халыққа қызмет көрсету орталығында төрт жылдай жұмыс істеп, кейіннен жеке компаниямды аштым. "Ұлы даладағы бес бүркіт" деп атын қойғанбыз. Жолдасым екеуміз үш баланы тәрбиелеп өсірдік. Ұлыма қазақтың дарынды ақыны – Мағжан Жұмабаевтың есімін қойғанмын. Қазір отбасымызбен бірге кәсібімізді жүргізіп отырмыз.
Кішкене кәсібім жайлы айта кетейін. Бизнесіміз карантин кезінде кішкене тоқтап қалған еді. Биыл ашылу салтанатын қайта өткіздік. Қазағымыздың мәдениетін көрсету мақсатында мейрамхана ашып отырмыз. Алғашында тек қазақтарымызға ғана арналған тойхана болатын, қазір моңғолдар да естіп біліп, олар да тойларын жасап жүр. Ас мәзіріміздің басым бөлігі – қазақы тағамдар. Басқа ұлттар қазақтың мейрамханасы екенін біліп келеді. Әсіресе, сірнені қатты жақсы көреді. Мейрамханамызды киіз үй іспеттес етіп жасадық.
– Қай тілде көбірек сөйлесіздер?
– Мұнда балабақшалар мен мектептердің бәрі моңғол тілінде. Содан кейін барлығы моңғолша сөйлейді. Тек үйде ғана таза қазақ тілінде сөйлегеніміз үшін балаларымыз тілдерін жоғалтпады. Қазақы салт-дәстүрлемізді сақтап қалуға тырыстық. Өзіміз де үлкен ата-әжелердің тәрбиесін көріп өскенбіз, 10 сыныпқа дейін қазақ мектебін оқыдым. Қобда орталығынан атажұрттан “Қазақстан”, “Астана”, “Балапан” телеарналарын көреміз. Әсіресе “Балапан” арнасы балаларымызға сондай жақсы болды. Біз айтпайтын сөздерді кішкентайларымыздың өздері үйреніп алған. Соған қатты қуанамын. Сол себепті де теледидар жиі қосып қоямыз. Булған ауданында қазақы балабақша бар. Бастысы ата-аналар қазақ тілін үйретсе болды ғой. Моңғол тілінде нан табатындықтан, оны үйренбеске шара жоқ.
– Екі халықтың салт-дәстүрлері мен тағамдарының ұқсастықтары бар ма?
– Иә, моңғолдар мен қазақтар дәстүрлерінің ұқсастықтары көп. Моңғолдар да көбіне сорпа, ет тағамдарын тұтынады. Моңғолияда жаңа жылды үш рет тойлайды: әлемдік жаңа жыл, әз-Наурыз және Шаған мерекесі. Біздің Наурызымыз және бұлардың Шаған мерекесі өте ұқсас. Ақсақалдардың батасын алғандай, солардың құттықтауынан бастайды. Бірақ діндері – буддизм. Қыз балаға да біздікі секілді тиымдары жетерлік. Жалпы, Қазақстан туралы ойлары да жақсы. Елорданы Алматыдан Нұр-Сұлтанға көшірілгенін айтып тамсанады. Бізде Улан-Баторда халық саны жылдан-жылға өте тығыз болып барады. Оларға Қазақстан Моңғолияға қарағанда өркениетті ел сияқты көрінеді.
– Атажұртта туыстарыңыз бар ма?
– Өскемен қаласында туған әпкем тұрады. Отбасымен көшіп кеткен. Нұр-Сұлтан қаласында нағашыларымыз бар. Павлодарда күйеуімнің қарындасы мен ағасы тұрады. Бәрі орысшаны білмесек, айдалада қалады екенбіз дейді. Тіл жағы мен жұмыс жағынан қатты қысылғандарын айтып, мемлекеттік жұмысқа тұра алмайтындарын сөз етіп жатады. Моңғолиядан барғандардың барлығы мал шаруашылығымен айналысып жүр. Кезінде осылай туыстарымыздың бәрі Қазақстанның түкпір-түкпіріне үдере көшкенде, біздің де кеткіміз келді. Алайда олардың Қазақстандағы жағдайын естіп, бұл ойдан бас тарттық. Олар мемлекеттік жұмысқа тұра алмайсыңдар деген соң, атамекенге көшіп барудан басылып қалдық. Зейнетке шыққаннан кейін көшіп барсақ дейтінбіз. Бірақ осында орнығып бара жатқан сияқтымыз. Оның үстіне Моңғолиядағы қазақ елшілігімен де арамызда бір мәселе болып қалған еді. Елшілікке "бар сенгенім сіздер болсаңыздар, онда елге бармай қалдым" деп қатты айтқаным да бар. Өскемендегі әпкеме қонаққа барғанмын. Астана мен Алматыны көргім келіп, бірақ асығыс қайтып кеттім. Отбасымызбен, достарымызбен арнайы барсақ деген алдағы уақытта ниетіміз бар. Моңғол достарым Алматыға барып қайтқан. Бәрі мақтап келеді. Алматыны Баян-Өлгий сияқты қазақтар шулап жүр дейді. Жүрегімді ұстап, қатты қуанып қалдым. Өзім Өскеменнің көшесінен қазақша сөйлейтін адамды көрмеген едім. Тіпті қазақша сөйлегеніме, бір орыс әйел бетімнен ала жаздаған.
– Атамекендегі қандастарға айтар сәлеміңіз бар ма?
– Осындайда көңілім босап кетеді (көзіне жас алып). Ол жақтағы ағайындарға тек аманшылық тілеймін! Көздің жасының артында үлкен мұң жатыр. Басқа халықтың арасында жүргендіктен, ұрпақтарымыз ертең не болады деп ойланамыз. Бір таудың шыңына қарасаң, қанша дегенмен торда отырған торғай сияқтымыз. "Қаңтар оқиғалары кезінде “әттегең-ай” деп отырдық қой! Шынымен сырттан әскер келмегенде, Қазақстан жоғалып кететін бе еді? Басшылар мемлекетті құлатып алмаса ғой деп ниеттендік. Атажұртымыз бар деп жүргенде, жоқ болып та кете ме деп іштей қорықтық. Қазақтарымыз Америка, Германия болсын әлемнің түкпір-түкпірінде көп. Бірақ өзіннің түпкі отауын әрқашан да ыстық. Алыстағы ағайынға дұғай-дұғай сәлемімді жеткізіңіз!
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан: Қадірәлі САРЫПБЕК