Қанат Ислам тек әлсіз қарсыластармен жұдырықтасады деп өзін сынағандарға жауап берді
Қазақстандық боксшы Қанат Ислам (24-0, 18 КО) 9 қыркүйек күні Астанада Джеймс Кирклендке (32-2, 28 КО) қарсы өткізетін жекпе-жегіне байланысты баспасөз мәслихатын жасады.
Бұл туралы vesti.kz хабарлайды.
“Америка кәсіпқой бокстың отаны саналады. Сондықтан сол жақта дайындалған ыңғайлы”, – деді Ислам жаттығуы туралы айтып.
Алайда чемпионның Кирклендке қарсы дайындығы Алматыда өтпек. Ал жекпе-жекке бір ай қалғанда Астанаға келеді екен.
Осыған дейін әлеуметтік желілерде Қанат Ислам жұдырықтасып келген қарсыластардың дені әлсіз боксшылар деген пікірлер жиі айтылған еді. Боксшы бұл сұраққа да жауап берді.
“Біз қазақтар сынағанды жанымыз сүйеді, бірақ бізді сын ғана күшті етеді. Мен өз қарсыластарымды әлсіз немесе нашар деп айтпаймын. Әр адам болған соң, әртүрлі пікір болады. Спортта сен туралы айтатын адамдар қай кезде де жеткілікті”, – дейді боксшы.
“Мұның барлығы үлкен жекпе-жекке жасалған баспалдақтар. Егер барлығы менің еркімде болса мен ертең-ақ чемпиондарға қарсы шығар едім. Бірақ, ол үшін басқа да мықты боксшыларды жеңу керек. Мен қазірдің өзінде көшбасшылардың үздік үштігіне кіремін”, – деп атап өтті ол.
Сондай-ақ, боксшы өзінің промоутері Нельсон Лопеспен серіктестікті үзбейтінін де мәлімдеді.
“Мен онымен біраздан бері жұмыс істеп келе жатырмын. Ал қазір жеңістерге жетіп алған соң онымен қарым-қатынасты бұзу бұл дұрыс нәрсе емес. Жеңіс ешқашан бір күнде келмейді. Бұл ұзақ жол”, – деді Ислам.
Қанат Ислам – Джеймс Киркленд жекпе-жегі Астана қаласында халықаралық ЭКСПО көрмесінің аясында өткізіледі. Еске салайық, 33 жастағы Киркленд соңғы рет 2015 жылы күзде Сауль Альвареске қарсы жұдырықтасып, үшінші раундта нокаутпен жеңілген еді.
Оқи отырыңыз:
Әділбек Ниязымбетов: Ақша бізге оңай жолмен келсе, неге елдің бәрі Олимпиада чемпионы болып кетпейді
Қазақстанның үздік бапкерлері мен ойыншылары анықталды
Қазақстандық әртістер құрамасы футболдан әлем чемпионы атанды (фото, видео)
Қуат Найман: Димашқа Қайраттай болу үшін әлі біраз еңбектену керек