Канада билігі Трамптың АҚШ-пен бірігу туралы ұсынысына жауап берді
Канада билігі АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамптың елді Америка Құрама Штаттарының құрамына қосу туралы ұсынысынан үзілді-кесілді бас тартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Deutsche Welle басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: nbcnews.com
Канаданың бұрынғы премьер-министрі Джастин Трюдо мен сыртқы істер министрі Мелани Жоли әлеуметтік желіде өз пікірлерін білдірді.
"Канаданың Америка құрама штаттарының құрамына енуі туралы ешқандай мүмкіндік жоқ. Екі елдің де жұмысшылары мен жергілікті қауымдастықтары сауда және қауіпсіздік саласындағы ең үлкен серіктестер болу арқылы пайда көреді", – деп Трюдо қызметтен кеткеннен кейін жариялады.
Өз кезегінде Жоли Трамптың пікірлері "Канаданы мықты ел ететін нәрселерді толық түсінбеушілігін" көрсететінін айтты.
"Біздің экономикамыз күшті. Біздің халқымыз да мықты. Біз қандай қауіп болмасын, ешқашан шегінбейміз", – деп толықтырды ол.
Айта кетейік, 6 қаңтарда жаңадан сайланған президент Truth Social әлеуметтік желісінде "егер Канада АҚШ-пен біріксе", екі елдің де ұтатынын жазған. Бұған дейін, қараша айының соңында, Трамп Канададан импортқа 25 пайыздық баж салығын енгізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеген еді. Сонымен қатар 7 қаңтарда өткен баспасөз конференциясында журналистердің бірі Трамптан Канаданы Америка құрама штаттарына қосу үшін әскери күш қолдануды жоспарлай ма деп сұрады.
Трамп өзінің "сол жақта көптеген достары бар екенін" атап өтті.
"Мен канадалықтарды жақсы көремін, олар – керемет халық. Бірақ біз жыл сайын жүздеген миллиард долларды оларды қорғауға және Канадаға қамқорлық жасауға жұмсаймыз. Ал сауда тапшылығына байланысты біз көп нәрседен ұтыламыз. Бізге олардың көліктері қажет емес. Олар біздің көліктеріміздің 20 пайызын жасайды, бірақ бізге бұл қажет емес. Мен оларды Детройтта шығарғанды жөн көремін. Бізге бұл көліктер де, олардың ағаш материалдары да қажет емес", – деп жалғастырды Трамп.
Трамп АҚШ-қа канадалық тауарлар қажет емес екенін айтты.
"Оларда бар нәрсенің ешқайсысы бізге керек емес. Онда неге біз Канадаға қорғау үшін 200 миллиард доллардан астам қаражат жұмсаймыз? – деді Трамп. – Біз олардың қаржы қиындықтарына көмектеспеуге құқылымыз. Себебі өзіміздің 36 триллион долларымыз (қарызымыз – ред.) бар".
Республикашыл Канаданың премьер-министрін "губернатор Трюдо" деп атағанын айтты. Оның айтуынша, ол Канаданың үкімет басшысына "субсидиялауды тоқтатамыз" деп ескерткен, себебі "біз оларға көп ақша беріп отырмыз". Трамптың мәлімдеуінше, канадалық премьер-министр оған бұл жағдайда Канада "ыдырап кететінін" айтқан.
"Олар штат болуы керек", – деп түйіндеді Трамп.
Еске салайық, бұған дейін Трамп әзілмен Канада елу бірінші штатқа айналуы мүмкін, ал премьер-министр Джастин Трюдо оның губернаторы бола алады деп мәлімдеген еді. Сондай-ақ сайланған президент Оттава АҚШ-қа келетін мигранттар мен есірткі ағымын азайтпаса, канадалық тауарларға 25 пайыз баж салығын енгізуге уәде берген.