Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қан іздері қалған": Алматы метросындағы төбелес видеоға түсіп қалды

Алматы метросында жолаушылар арасында төбелес болды. Куәгерлердің айтуынша, жанжал бір ер адамның рюкзагын шешу туралы өтінішінен басталған. Алайда жолаушы бұл өтініштен бас тартқан, содан кейін сөз таласы басталып, арты төбелеске ұласқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

"Куәгерлердің сөзінше, жанжалдың себебі – бір жолаушының рюкзагын шешу туралы өтініштен басталған. Алайда ол бұл өтінішті орындаудан бас тартқан. Осыдан кейін сөз таласы басталып, арты төбелеске ұласқан. Видео кадрларынан төбелес аяқталған соң жерде қан іздері қалғанын байқауға болады. Куәгерлердің айтуынша, жанжалға қатысушылардың бірі қатты жарақат алған", – делінген видео сипаттамасында.

Алматы қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, төбелеске қатысушылар анықталған.

"Қазір метрополитендегі полиция басқармасы оқиғаның мән-жайын тексеріп жатыр. Жанжалға қатысушылар анықталды. Басқа да мән-жайлар нақтыланып жатыр", – деп хабарлады Алматы полиция департаменті.



Еске салайық, бұған дейін Шымбұлақ курортында да төбелес болып, ол да видеоға түсіп қалған еді. Курорт әкімшілігінің мәліметінше, шетелдік туристер мас күйінде тау шаңғысы мектебінің қызметкерлерімен жанжалдасқан. Олардың бірі кассирдің босауын күткеніне наразылық білдіріп, дауды бастаған. Сөз таласы сыртта төбелеске ұласып, қызметкерлер полиция шақыруға мәжбүр болған.

Талқылау