Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жапониядағы қазақ дәстүрі: Сырға салудың видеосы желідегілерді таңқалдырды

сырға салу

Фото: Диас Орынбайдың жеке архивінен

Желіде көкшетаулық әйелдің болашақ келіндеріне Жапонияда сырға салу рәсімі түсірілген сәті қызу талқыға түсіп жатыр. Қос ғашық туған жерден алыс жүргендеріне қарамастан, қазақтың барлық дәстүрін сақтай отырып, сырға салу рәсімін өткізуді жөн деп тапқан. Осы ретте Stan.kz тілшісі жапон қызына сөз салған Диас Орынбаймен хабарласып, туыстарының бұл отауға деген көзқарасын, жұбайымен таныстығы жайлы сұрап білді.

Жігіт Көкшетаудың тумасы, ал қалыңдық Рино Куроки Жапониядағы Кюсю түбегіндегі Миядзаки қаласынан. Диас Орынбай болашақ жарымен қалай танысқанын және қазір кім болып жұмыс істейтінін айтып берді.

"Тіл үйреніп жүрген мектебім мен болашақ жарым оқитын университеттің арасында бір халықаралық клуб бар еді. Онда шетелдіктермен араласу, тіл меңгеру, мәдениет алмасу сияқты түрлі шаралар ұйымдастырылатын. Сол күні сәл кешігіп, тобымнан қалып қойдым. Ол кезде кандзи иероглифтерін әлі оқи алмайтынмын, қайда барарымды білмей, сол университеттің жанындағы аялдамаға келдім. Сол жерде болашақ жарым автобус күтіп тұр екен. Жол сұрамақ болып жанына жақындағанымда, ол сыпайы жауап беріп, бағытты көрсетті. Сол сәтте арамызда әңгіме басталып, қалай тез тіл табысып кеткенімізді өзім де аңғармай қалдым. Сол кезде мен оны кешкі кездесуге шақырдым", – деді Диас Орынбай.

Диастың айтуынша, ол жапон қызына оның қамқорлығы арқылы ғашық болған.

“Бір қатты ыстық болып тұрған күні ол мені аяп, сөмкесімен желпуіш шығарып, маған желпіп тұрды. Кейінірек бір мейрамханада отырғанда, ернімде бір үгінді қалып қойғанын байқап, үнсіз ғана майлықпен сүртіп берді. Ал бірде көшеде серуендеп жүргенімізде жаңбыр жауып кетті. Сол кезде ол сөмкесінен сүлгі шығарып, бетімді, мойнымды сүртіп, "Ауырып қалмасаң болды" деп алаңдады. Сол қарапайым, бірақ жүректен шыққан қамқорлық маған өте қатты әсер етті. Сол сәттен бастап мен оның мен үшін ең жақын, ең қымбат жан екенін түсіндім. Шынымды айтсам, дәл сол күні мен ғашық болдым”, – деді Диас.

Диас бастапқы кезде тіл жағынан кейбір түсініспеушіліктер болғанын жасырмады.

“Бірақ біз әрдайым аудармашысыз, бір-бірімізге өз ойымызды өзіміз жеткізуге тырыстық. Бір-бірімізді түсінуге, тіл табысуға күш салдық. Әсіресе, мен барынша жапон тілінде сөйлеуге тырыстым. Кездескеннен кейін үш күн өткен соң-ақ бірге тұра бастадық. Үй тұрмысын бірге ұйымдастырып, біртіндеп отбасылық өмірге жақындадық. Содан бері екеуміз қатар өмір сүріп келе жатқанымызға екі жарым жыл болды. Осы уақыт аралығында тұрмыстық ұрыс-керіс деген болмады десе де болады. Себебі қандай жағдай болмасын екеуі бір-бірімен сөйлесіп, мәселені ашық айтып, шешу керек", – деп түсіндірді Диас Орынбай.

Диас қазір бухгалтер, ал қалыңдығы дәрігер болып жұмыс істейді. Диастың айтуынша, оның ата-анасы бұл қарым-қатынасқа сенімсіздікпен қарап, уақытша сезім деп қабылдаған. 

"Бірақ оларға үнемі "тек осы қызға ғана үйленемін, оны ешқашан басқаға айырбастамаймын” деп айтып жүретінмін. Ақырында солай жасадым да. Ал жарымның ата-анасы бізді жылы қабылдады деуге болады. Себебі бұл жапондар үшін сирек кездесетін жағдай. Мұнда, әдетте, өз ұлтынан қыз алғанды құп көреді және ата-аналар балаларының ерте жаста үйленуіне қарсы. Олар да менің алдымен өмірде орнығып, содан кейін ғана үйленгенімді қалады. Алайда қалыңдығым екеуміздің жоспарымыз басқа еді. Дегенмен, шүкір, бүгінде белгілі бір тұрақтылыққа қол жеткіздім, өз аяғыма нық тұрып келемін", – деді Диас Орынбай.

Диас Орынбай мен жапон қалыңдығы РиноФото: Диас Орынбайдың жеке архивінен

Отандасымыз көпшіліктің "қазақ қызы табылмады ма?" деген сұрағына өзгелердің пікірі алаңдатпайды деп жауап берді. 

"Көпшілік менің өмірімді сүріп жатқан жоқ қой. Өмірлік серігімді өзім таңдадым және оны барлық қасиеттерімен жақсы көремін. Қазақ қыздары туралы айтсам, ешкімді арнайы іздеген жоқпын, ешкімге қарсы болған да емеспін. Бірақ бала кезімнен Жапонияға және жапон халқына ерекше қызығып өстім. Аниме, тіл, дәстүр мұның бәрі маған өте жақын болды. Жапондар маған рухани тұрғыда жақын халық сияқты көрінді", – деді Диас Орынбай.

Диас анасы мен жұбайының тез тіл табысып кеткенін айтады. Анасы жапон тілін білмесе де, екеуі бір-бірін түсінуге барынша тырысып жүр екен.

"Анамның бұл әрекеті баласының бақытты болуы үшін жасап жатқан шынайы талпынысының айқын көрінісі деп ойлаймын. Тілі бөлек, мәдениеті басқа елден келген адам үшін күш салып жатыр. Анам әрдайым бізді қолдап келеді", – деді Диас Орынбай.

Диас Жапонияда жарына "сырға салып, ұзатып алып келу" идеясын өзі ұсынғанын айтады. Ол жарына және оның отбасына қазақ мәдениетін, ұлттық дәстүрлерді таныстырғысы келген.

"Бастапқыда ата-анам той жапон дәстүріне сай өтеді деп ойлаған. Бірақ Жапонияда сырға салу сияқты салт жоқ. Сондықтан ата-анамнан рұқсат сұрап, сырға салу рәсімін қазақ дәстүрімен өткізуді ұсындым. Бәрі қолдады. Содан кейін ұйымдастыру жұмысына кірістім. Жапон дәстүрінде қыз ұзату бар, бірақ ол біздегідей үлкен той емес, шағын ғана отбасылық жиын. Ал сырға салу деген мүлде жоқ. Анам “ананың ақ сүті” жайлы айтып, бұл дәстүрдің маңызын түсіндіріп берді. Ал мен жапон жағына бәрін аударып, егжей-тегжейлі түсіндірдім", – деді Диас Орынбай.

Диас Орынбай мен жапон қызы РиноФото: Диас Орынбайдың жеке архивінен

Рәсім барысында күйеу жігіттің туыстары қалыңдықтың құлағына сырға тағып, үлкендер жас жұбайларға ақ баталарын берген. Диастың айтуынша, ең ерекше әсер қалдырған сәт жапон туыстарының қазақтың шапандарын киіп, рахметін қазақша жеткізуі болған.

"Салтанатты кеш барысында кейбір қиындықтар болды. Бірақ бізге аудармашы көмектесті. Құрал қазақ тілінен жапон тіліне мүлтіксіз аударып отырды. Бұл жұбайымның әкесінің бастамасы. Ол арнайы қазақ жағының сөзін түсіну үшін аудармашы сатып алыпты. Біз Жапонияда өмір сүріп, сол жақта балалар өсіреміз деп шештік. Осы елге үлкен жоспармен, сеніммен келдім. Әзірге бұл ойым өзгеретіндей себеп болған жоқ. Жапония менің екінші үйім", – деді Диас Орынбай.

Диас Орынбай үлкен той Көкшетауда өтетінінін және жарының Куроки емес, Орынбай тегін алатынын жеткізді.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 22 Шілде, 2025 18:20
Талқылау