Қазақстанда "Дайвинчик танысу" Telegram-арнасы бұғатталмақ

Фото: Nawanon Wongkhajit / Getty Images
Алматы қаласы Алатау ауданының прокуратурасы кәмелетке толмаған қыз балаға қатысты қылмыстан кейін "Дайвинчик танысу" Telegram-арнасын бұғаттау үшін арыз жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлады.
“Тергеу нәтижесінде кәмелетке толмаған қыз баланың 2025 жылы сәуірде танысу сайтына тіркеліп, бір азаматпен танысып, кейіннен ол қыз балаға қатысты құқыққа қайшы әрекеттер жасағаны анықталды”, – делінген ақпаратта.
Сонымен қатар аудан прокуратурасы жас шектемейтін және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін "Дайвинчик танысу" Telegram-арнасын анықтады. Прокуратура аталған ресурстың жұмыс істеуін заңсыз деп тану және оның Қазақстан Республикасының аумағында қызметіне тыйым салу туралы сотқа талап-арыз енгізді.
“Алматы қаласының прокуратурасы ата-аналарды балалардың интернет-белсенділігіне қырағылық танытуға, оларға онлайн-қарым-қатынастың қауіптілік ықтималын түсіндіруге және күдікті фактілер анықталған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырады”, – делінген қалалық прокуратура хабарламасында.
Алматыда шешек дерті өршіп тұр: Дәрігер ауру қалай тарайды және одан қалай қорғануға болатынын айтып берді