Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қалжыңдауға болмайды, ол нағыз жыртқыш": Америкалық бокс сарапшысы Жәнібек Әлімханұлын қауіпті қарсылас деп атады

Жәнібек Әлімханұлы нағыз жыртқыш -америкалық сарапшы

Фото: Жәнібек Әлімханұлының парақшасынан 

Бокс әлемінің бұрынғы чемпионы, қазіргі сарапшы Тимоти Брэдли қазақстандық Жәнібек Әлімханұлының америкалық жұлдыз Теренс Кроуфордпен жекпе-жекке шығуы мүмкін екенін айтты. Оның пікірінше, бұл кездесу Кроуфорд үшін өте ауыр сынақ болмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

YouTube-арнасында жарияланған видеосында Брэдли Жәнібекті жоғары бағалап, оны "нағыз жыртқыш" деп атады.

"Кроуфорд екінші орта салмақтан орта салмаққа қайта түсіп, Жәнібекпен айқаса алады. Егер ол осы салмақтағы төрт белбеудің бәрін жинай алса. Құдайым-ау, алдағы бір-екі жылда Кроуфордтың абсолют үшін тағы бір жекпе-жегін көріп қалуымыз мүмкін. Өзіңіз білесіз, ол жылына бір рет қана жұдырықтасады. Осы уақытта Жәнібек орта салмақтағы басты фаворитке айналуы әбден мүмкін", – деді Брэдли.

Брэдлидің айтуынша, бұл жекпе-жек Кроуфорд үшін оңай болмайды.

"Жәнібек – жай боксшы емес. О, жоқ! Бұл – Кроуфорд үшін өте қиын айқас. Мен Кроуфордты жақсы көремін, оны бұрыннан бері қолдап келемін. Бірақ шындықты айту керек. Жәнібекпен қалжыңдауға болмайды. Ол – мықты! Солақай, көпшілікке онша таныс емес. Бірақ мен сіздерге бәрін түсіндіруге дайынмын. Жылдамдық, күш, дене бітімі, рингтегі ойлау қабілеті, қорғаныс пен шабуыл – бәрі бар. Аяқпен жұмыс істеуі, бұрыштарды қысуы, қос қолмен ұру қабілеті – ол расымен де "жыртқыш", – деді Брэдли.

Теренс Кроуфорд соңғы жекпе-жегінде Сауль "Канело" Альваресті жеңіп, екінші орта салмақта абсолют чемпион атанды. Ал Жәнібек Әлімханұлы қазіргі уақытта орта салмақта WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы. Абсолют чемпион атану үшін оған әлі WBC белбеуі (Карлос Адамес, Доминикан Республикасы) және WBA белбеуі (Эрисланди Лара, Куба) қажет.

STAN.KZ
Бейсенбі, 09 Қазан, 2025 14:35
Талқылау