Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қалтаға қол сұғу": Төлем ұйымдары монополист делдалды құратын норманың қайта қаралуын талап етті

Төлем ұйымдары нарығының өкілдері құқықтары бұзылып жатқанын айтады. Кәсіпкерлер мәжілістен монополист делалды құратын норманы қайта қарауын талап етіп отыр. Бұл туралы Stan.kz агенттігі хабарлайды. 

Фото: Stan.kz

5 маусымда мәжіліс “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулықты қорғау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу және қажетсіз заңнамалық нормаларды алып тастау туралы” заң жобасын қарастырып, оны алдын ала мақұлдаған. Бұл жоба бойынша, букмекерлер кәсібін Бірыңғай есепке алу жүйесі бақылайды. Дегенмен бұл бақылауға төлем ұйымдары нарығының өкілдері де түсіп қалып отыр.

Жаңа норма бойынша, Бірыңғай есепке алу жүйесі төлемдерді жүзеге асыратын, бірыңғай электрон әмиян жүргізетін және клиенттермен есеп айырысатын кәсіптердің қызметін заңды тұлға арқылы мемлекеттік деңгейде реттеп отырады. Мұнымен айналысатын орталық қызметі Туризм және спорт министрлігінің актілерімен жұмыс істейді. Алайда төлем ұйымдары нарығындағы кәсіпкерлер бұған наразы.

CashMaster компаниясының бас директоры Бейбіт Асанбаевтың айтуынша, төлем ұйымдары заң жүзінде салық төлейді. Мемлекеттік органдар бұрыннан олардың қызметін қадағалайды. Ал тағы бір жаңа бақылаушы орталықтың пайда болуы – кәсіпкерлердің қалтасына қол сұғу ғана. 

“Біздің компаниямыз еліміздің қалалары мен ауылдарына төлемге арналған терминалдарды орнатумен айналысады. Біз әрбір жұмысымыз үшін мемлекетке миллиондаған салық төлейміз. Енді келіп бақылау орталығын қосып жатыр. Олар да комиссия ретінде қаржының белгілі бір мөлшерін сұрап отыр. Не үшін? Түсініксіз. Ол ақша қайда кететіні де, қайда жұмсалатыны да түсініксіз”, – дейді кәсіпкер. 

Оның айтуынша, бұл норма енгізілсе және монополист делал пайда болса, елдегі шағын және орта кәсіпке зиянын тигізеді. 

“Біз шағын кәсіптің дамуына үлес қосып отырмыз. Бүгінде шамамен 5000 терминалымыз бар. Сол терминалдың дүкенде тұрғаны үшін дүкен иесіне ақысын береміз. Орта есеппен дүкен иелеріне 20 000 теңге төлейміз. Сонда 100 миллион теңгені нарықта айналдырып, шағын кәсіпкерлерге пайда түсіріп отырмыз. Бізден бөлек, басқа төлем ұйымдарының терминалдарын қосқанда елде жалпы 45 000 астам терминал бар. Дегенмен норма қабылданса, кәсіпкерлерге ауыр соғады. Терминалдарды қысқартуымызға тура келеді, ал бұл мемлекет үшін тиімсіз, халық үшін ыңғайсыз. Мысалы, өңірлердегі, ауылдардағы адамдар әлі күнге дейін банк картасын қолданбайды. Олар қалада оқып жатқан балаларына осы терминал арқылы ақша жіберіп отыратын. Заң қабылданса, олардың бұл мүмкіндігі қиындауы мүмкін”, – дейді Бейбіт Асанов. 

Almaty Enterprising Company деген төлемге арналған терминалдарды шығаратын зауыттың директоры Александр Сиротенко да бұған келіседі. 

Біз де зауытта қаншама адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Бұл норма қабылданса, бізге жұмыс күшін қысқартуға тура келеді. Сәйкесінше, елде жұмыссыздық көрсеткіші көбейеді”, – дейді Александр Сиротенко.

Оған қоса төлем ұйымдары нарығының өкілдері Ұлттық банктың жаңа нормадан хабары болмағанын, норманы зерттеп үлгермегенін айтады. Ал Ұлттық банктың мәжілістегі жұмыс тобының өкілі норма қабылданған жағдайда төлемді ұйымдастыру саласына экономикалық зиян келетінін мәлімдеген. Сонымен қатар кәсіпкерлер бұл норма елдегі жемқорлықты көбейтуі мүмкін дейді. 

Төлем ұйымдары сенаторлардан заңнамалық актілерге сенатта есеп берудің бірыңғай жүйесіне қатысты өзгерістерді қабылдамауды және мәжілістен заңнамада көзделген барлық рәсімді, төлем ұйымдарының жұмысын реттейтін орталық қызметін саралау үшін норманы қайта қарауын сұрады.

Талқылау