Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қалың қар үй мен ауланы басып қалды: Елорданың іргесіндегі ауыл тұрғындары шағымын айтты

Елорданың іргесіндегі ауыл тұрғындары қалың қардан үйлерінен шыға алмай отыр. Талапкер ауылыныңдағы тұтас бір көшенің халқы су таси алмай, жұмысқа бара алмай, әбден қиналуда.

Елорданың іргесіндегі ауыл тұрғындары

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Бір аптадан бері әкімдікке хабарласып, күдер үзген ел-жұрт ақпарат құралдары арқылы үкіметтен көмек сұрады. 

Астананың іргесіндегі Талапкер ауылындағы атышулы ОБСЕ шағын ауданы. Қар өте қалың түскен. Екі-үш күн өтсе де әлі ашылмаған. Тұрғындар бізге жете алмай тұр. Біз оларға жете алмай, күрттік қардан өте алмай тұрмыз. Айтуларынша, екі-үш күннен бері балалар сабаққа бара алмай, тұрғындар үйлерінен шыға алмай қиналып жатқан көрінеді.

Қар үйінділерінің  биіктігі үйдің төбесімен бірдей. Көбінің отын-сулары таусылып, бір-бірінен көмек сұрауда. Шамасы келгендер ауласының айналасын аршыған. Қалғаны қар астында. Тұтас бір көше  көміліп жатыр. Әсіресе, қарияларға қиын. Келесі көшеден осындай қиындықпен су тасып жүр.

«Бір жұма жоқ трактор. Суды немен тасимыз. Балаларға сабаққа баруға өте қиын. Жүру мүмкін емес. Ертең біреу ауырып қалатын болса, жедел жәрдемде келе алмайды. Апару да қиын болады. Айтқанды тыңдамайды. Керек қылмайды», - деді Талапкер ауылының тұрғыны Абылай Байділдинов. 

Қазір тұрғындардың дені көліктерін көшенің басына, ауылдың ішіне қалдырып кетуге мәжбүр. Үйлеріне кіре алмайды. Себебі, қар басып қалса, тіпті қиын.

«Бір апта жұмысқа шыға алмай жатырмын. Әне, ЗИЛім қардың астында тұр. Ақша тауып отырған машинам. Қопарып алып шығуда да қанша техника керек», - деді тұрғын Тұрсын Ержанов. 

Талапкер де, ер азаматы да, әйел заты да бәрі қолдарына күрек алып, жолды аршуға кіріскен. Әйтпесе, әкімдіктен үміт жоқ. Тек журналистер келеді деген сыбысты естіген соң, бір техника бізбен қатар келіп, қар күреуге кірісті.

«Әкімдікке звондағанымызға бүгін бесінші күн. Трактор енді ғана келді. Каналға звондағаннан кейін. Үйімізден шығып магазинге бара алмаймыз, қайдағы жұмыс. Жылда осылай. Көктемде судың астында, қыста қардың астында қаламыз», - деді тұрғын.

Бес күні бойы төбе көрсетпеген ауылдың атқа мінерлері де тілшілер түсіріп жатқан көшеге жетіп келіпті. Онда да әкім өзі жоқ, қазақша білмейтін орынбасарын жіберіпті. Айтуынша, округ бойынша бар-жоғы 4 техника бар екен.

«Бұл көше осы Талапкер кентінің ең шетінде орналасқан. Боран, жауын-шашында қардың бәрі осы жерге жиналады. Қарды тоқтату мүмкін емес. Біз түгіл, астананың өзінде де қар қалың түсті ғой. Біздің окург бойынша 4 ауыл бар. Меншігіміздегі 4 техниканы осының бәріне бөліп жатырмыз. Ең алдымен әлеуметтік маңызы бар нысандардың маңын, ауылдан шығатын күре жолды аршып жатырмыз», - деді Мирас Кужубаев.

Шығыста да жағдай мәз емес. Көкпекті ауданының аумағында  тұтас ауылды басып қалған. Аула-қора тіпті көрінбейді. Аттың бауырынан асатын қалың күртікте тұрғындар өз күшімен суатқа мал айдайтын жол салып, амалдап жатқан көрінеді.

Талқылау