Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

«Қалаулым» қатысушысы Шынар: Бағдарламадан тұрмысқа шығып бірақ кетемін

«Қалаулым» рас па? Жобаның қатысушылары Ислам мен Шынардың махаббаттары ше? Қашан үйленеді? Неге әлі бір шешімге келе алмай жүр? Осы сауалдың төңірегінде Stan.kz тілшісі жоба қатысушы Шынардан сұхбат алды.

– Шынар, «Қалаулымға» қалай келдіңіз? Ата-анаңыз миллиондаған халықтың алдында жігіт іздеуге қарсы болмады ма?

– Бір құрбымнан кастинг туралы естідім. Ол кезде мен жұмыссыз жүрген едім. Сондықтан, өзімді жаңа бағытта сынап көрейін деп шештім. Ата-анам әрине, қарсы болды. Бірақ, мен жас қыз емеспін. Елдің алдында болсын немесе жасырын болсын бәрібір жігітпен кездесетін едім. Өмірлік жарымды таңдайтын едім. Және бәрі ашық түрде: «қашан тұрмысқа шығасың?»деп сұрай бастады. Сол себепті, мен үшін бұл жоба аса дөрекі көрінбеді. Ата-анама да түсіндіруге тырыстым. Бірақ, күні бүгінгі дейін біраз әңгімелер айтылады.

– Оның үстіне жұмыссыз жүрген кезде бұл сізге табыс көзі болып та есептелген шығар?

– Түсіндім, «Қалаулым» қанша төлейді деп сұрағалы отырсыз ғой. Бізге бұл жоба ақша төлемейді. Ол жерге ақша емес, бақытымызды іздеп барып отырмыз.

– Сонда қандай ақшаға күн көресіз?

– Менің қолымнан көп нәрсе келеді. Ақша табу маған проблема емес. Талай курстарды оқып – бітіргенмін. Қазір мен үшін басты табыс көзі инстаграм болып табылады. Және ағылшын тілінен қосымша сабақтар беру арқылы да ақша табамын.

– Инстаграмдағы жарнаманың құны қанша?

– Бұл енді құпия болып қала берсін.

– «Қалаулым» өтірік болмаса, Ислам екеуіңіздің араларыңыздағы сезім де шынайы ғой?

– Әрине!!!

– Ғашықсыз ба?

– Иә)

– Енді той қашан?

– Уақыты келген кезде болады. Бәрі бізге «той қашан? Неге әлі үйленбей жүрсіздер?» деген сұрақтарды қояды. Бірақ, сол сұрақтың авторының өзі үйленетін кезде ғашығын ұзақ сынап, бір шешімге келу үшін ұзақ дайындалған болып шығады. Біз өзіміздің махаббатымызға сенімдіміз. Бірақ, үйлену үшін тек моральді емес, материалды да дайындық керек деп ойлаймын.

– Тұрмысқа шығуға моральды дайынсыз ба?

– Тұрмысқа шығатын уақытым жақындағанын сезген сайын жүрегімде қобалжу бар. Қорқу бар. Әрине, дайын емеспін десем күлкілі болар. Дайынмын. Бірақ, мен үшін жаңа өмір, жаңа орта, жаңа адам, қайтадан қалыптасу мен бейімделу процесі болғандықтан уайымдаймын. Қорқамын.

– Оның үстіне қателеспесем, сіз қазақтың салт-дәстүрлерін ұнатпайсыз. Европаша өмір сүргіңіз келеді. Солай ғой?

– Жоқ, олай емес. Мен қазақ болғаным үшін мақтанамын. Қазақтың салт-дәстүрлерін сыйлаймын. Бірақ, кейбір әйелдерді төмендететін әдеттерді ұнатпайтыным рас. Мен үшін орамал тағып, сәлем салу мәселе емес. Ол үлкенге деген ілтипатым деп білемін. Алайда, келін үйде төртқабырғаға қамалып отыру керек, жұмыс жасамау керек деген секілді пікірлермен келіспеймін. Келін де адам. Оның да ой-пікірімен санасу керек.

– Десе де, таңдаған азаматыңыз – Ислам нағыз қазақи отбасынан шыққан жан. Тіл табысу қиын болады деп ойламайсыз ба?

– Мен Исламға дейін мүлдем басқаша ойлайтынмын. Түсінігім өзгеше еді. Ал, қазір сүйікті азаматым үшін өмірлік ұстанымдарымды өзгертіп, өзімді басқаша тәрбиелеп жүрмін. Болашақта да күйеуім үшін өзімді өзгерте аламын деп сенемін. Өйткені, мен ол адамды сүйемін.

– «Қалаулымнан» қашан кетесіз?

– Есіңізде болса, Ислам екеуміздің арамызда түсініспеушілік болған кезде мен жобадан кетуге дайын едім. Ал, қазір «Қалаулымнан» күйеуге шығып кетемін деп айтамын. Сүйіктім жанымда. Тойдың ауылы да алыс емес. Халықтың алдында таныстық, табыстық. Енді халықтың алдында тойымыз өтіп, сол кісілердің жылы лебіздеріне алғысымызды айтып, жобадан кетсек деймін.

Ескерту! Материалды көшіріп басу үшін, редакцияның хат түріндегі рұқсатын алу керек.

Құрметті оқырман! Бізбен бөлісетін қызықты жаңалығыңыз, оқиғаңыз болса Stan.kz сайтының WhatsApp номеріне жолдаңыз: +77021152981

 

 

Талқылау