Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қалаулым" қатысушысы Ислам: Шынармен азаматтық некеде тұрсам, анам мені ұрып өлтіреді

“Қалаулым” бағдарламасының қатысушылары Ислам Алтайбаев пен Шынар Меджанова алдағы жоспарларын бөлісіп, өздерінен үлгі алған қос ғашықтарға барынша төзімді болуға, ортақ шешім таба білуге кеңес берді.

Бұл туралы олар Stan.kz тілшісіне берген сұхбаттарында айтты.

– Бір-бірлеріңіздің бойларыңыздағы қандай қасиетті жоғары бағалайсыздар?

Ислам: Шынардың шынайылығы мен маған деген сезімін жоғары бағалаймын.

Шынар: Мен де дәл солай айтар едім. Шынайылық пен сезім және мені бақытты қылуға тырысатындығы. Шын мәнінде, біз өте әртүрліміз. Әсіресе, мәселе тәрбиемізге келгенде. Бірақ, қиыншылық болған кезде, соны жеңу үшін өзімізді өзгертуге тырысамыз.

– Әдетте ренжіскен кезде кім бірінші болып кешірім сұрайды? Жоба аясында неше рет ренжісіп, татуластыңыздар?

Ислам: Мұның барлығын ренжісу деп айтуға келмейді. Тек кішігірім түсініспеушіліктер болды. Бір рет қана қатты ұрысқан шығармыз. Бірақ, сол түсінбестіктен кейін бір-бірімізді жақсырақ танып, сезіміміз ояна түсті. Басқа ғашықтар ұрысқаннан кейін бір-бірінен суып кетеді. Ал біз керісінше бір-бірімізге жақындай түстік.

Шынар: Жоқ нәрсеге бола ренжісетін кездеріміз болып тұрады. Бірақ, оның барлығын сол сәтте шешуге тырысамыз. Ренжіскен кезде кішкене еркелетіп, мені құшақтай салса жеткілікті. Әдетте ғашықтарда ұрыстан кейін көңілдері бір-бірінен суып кетеді. Біз де солай бола ма деп қорықтық. Қуанышымызға орай, барлығы керісінше болып, махаббатымыз үдей түсті. Бір-бірімізді жақсылап бағалай бастадық.

– Мәди мен Сұлуфан тойларын көктемге жоспарлап жатыр. Ал сіздер қашан жасайсыздар? Әлде әзірге тек қыз-жігіт болып жүре тұруды жөн көріп отырсыздар ма?

Ислам: Адамның тағдырымен ойнауға болмайды. Шынарда да, менде де шынайы сезім бар. Оны іштей өзіміз де сезіп жүрміз. Көктемде деген секілді нақты айтпай-ақ қояйық. Бірақ, Алла жазса, алдағы жылы отбасын құрамыз. Біздің әулетте мен немерелерден үшінші ұлмын. Немеренің үлкені үйленгеннен кейін бірден біз той жасаймыз. Одан кейінгі ағамды күтпейтін сияқтымын. Бір жағынан отбасылық жағдайлар да бар. Оны жасырудың қажеті жоқ. Қаражат жағын қарастыруымыз керек. Барлық жағдай реттеліп тұрса, қазір-ақ үйленіп кете беруге болады. Бірақ, өкінішке орай, жағдайымызға қарауға мәжбүрміз.

– Ал азаматтық некеге көзқарастарыңыз қандай?

Ислам: Ол нәрсе біздің тәрбиемізге жат. Азаматтық некеде тұрсақ, анам мені ұрып өлтіреді. Бірақ, күнделікті таңертеңнен кешке дейін біргеміз.

Шынар: Менің де әке-шешем дәл сондай қарым-қатынаста. Ислам күнделікті жобаға мен үшін жарты сағат ерте келеді. Негізі қыздар сағат сегізде, ал ұлдар сегіз жарымда келулері керек. Жоба біткен соң, бірге қайтып, бірге тамақтанамыз. Кей күндері киноға барамыз. Кейін әрқайсымыз өз жұмыстарымызбен кетіп, келесі таңды дәл осылай атырамыз.

– Елбасының “Үйленбей тұрып үйлі болып алыңдар” деген пікірімен қаншалықты келісесіздер?

Ислам: Менің айтып тұрғаным да сол. Әрине, зәулім сарай салып алайын, елде жоқ көлік мініп алайын деген ойым жоқ. Бірақ, кішкене болса да алдағы уақытта күнімді көре алатыныма сенімді болғым келеді. Себебі, отбасылық өмірде өзімді ғана емес, жұбайымды да асырай алуым керек.

– Исламды 5-6 жыл күтуге дайынсыз ба?

Шынар: 5-6 жылға созылып кетпейді деп үміттенемін. Ол өзі де мұндайға шыдай алмайды деп ойлаймын. Қазіргі таңда да осы тақырып аясында сөйлесудеміз. Біз уақытша жүріп жүрген жоқпыз. Арасында “Үйленбей жатып үш бала туып бересің” деп те әзілдейді.

Ислам: Иә, мен, расымен де, мұндай ұзақ уақыт шыдай алмаймын. Қазақ “Темірді қызған кезінде соқ” дейді ғой. Арамызда барлығы жақсы болып тұрған кезде өзімдікі қылғаным дұрыс болып тұр ғой. Армансыз адам қанатсыз құспен тең. Біз де ел қатарлы армандаймыз. Жақсы нәрсені армандасаңыз, ол міндетті түрде орындалады. Бастысы, адамның ниеті жақсы болуы керек. Сол себепті, “Бірден үш бала туып беріп, артынша демаласың” деп әзілдеп жатамын. Шыны керек, менде мұндай сезім ешқашан болады деп ойламағам. Бала кезімізде талай жанды ұнаттық. Бірақ, дәл қазір өзімнің болашақ жұбайымды тапқаныма сенімдімін.

– Жобадағы ең үлгілі жұптардың бірі ретінде қос ғашықтарға не тілейсіздер?

Ислам: Шынар заманауи тәрбиемен өскен қыз. Ал мен де сәл заманауиға жақынмын. Бірақ, көбінесе қазақилыққа қарай бізді тәрбиелеген. Шынардың өзі шет мемлекеттердің мәдениетін көрген. Өмірге деген көзқарасымыздағы қарама-қайшылықтарға қарамастан, Шынар екеуіміз ортақ шешім таба білдік. Бұл – бір-бірімізге деген сыйластықтың белгісі.

Ескерту! Материалды көшіріп басу үшін, редакцияның хат түріндегі рұқсатын алу керек.


Жіберіп алмаңыз:

Төреғалидің жары Толқын өзі, отбасы жайлы бар шындықты ашып айтты

Төреғалиді ұнатып қалған Толқын оған өзі алғаш хат жазып, сезімін білдірген

Сәкен Майғазиев: Өнер мектебін елден қалмайын деген ашкөздікпен ашқан жоқпын

Үйлену тойында жарына арнап ән айтқан Төреғали дүйім жұртты сүйсіндірді (видео)

Талқылау